Жаңалық

Сарапшылар Тұңғыш Президенттің ел дамуындағы тарихи рөлін талқылады

Елбасының көшбасшылық феномені, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздық рөлін сарапшылар «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде талқылады, – деп хабарлайды Ruh.kz ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып. 

Бүгін, 26 қарашада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті: жасампаздық пен үдемелі дамудың 30 жылы» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің отырысын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ашты. Министр Қазақстанның 30 жылдық үдемелі даму жетістігі Елбасының көшбасшылығымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Іс-шараға «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Данияр Есин, мемлекет қайраткері Төлеутай Сүлейменов, ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев, Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетінің президенті Ефим Пивовар, Еуропалық құқық және адам құқығы сарапшылық институтының директоры Марат Башимов, Өзбекстанның ұлттық университетінің профессоры Нигинахон Шермухамедова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедралары қауымдастығының төрайымы Наталья Калашникова және өзге де танымал сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстел қатысушыларының пікірінше Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, астананы ауыстыру мен жаңадан салу, антиядролық және интеграциялық бастамалардың, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы, ЕҚЫҰ-да төрағалық етуі, елімізде жаңа технологиялардың дамуы – Елбасының бастамасымен іске асырылған осынау шаралар Қазақстанның үдемелі дамуының берік іргесін қалады.

Шара барысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғамдағы рөлі туралы айтылды. Сарапшылардың айтуынша бұл бағдарлама елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың идеологиялық негізі болып табылады және қазақстандықтардың рухани кемелденуіне бағытталған.

ҚХА кафедрасының меңгерушісі, Л.Н.Гумилёв атындағы ЕҰУ-нің ҚХА кафедралары қауымдастығының төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Наталья Калашникова елдегі төзімділік пен сыйластық қатынас – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің негізі екендігін атап өтті.

Қазақстандық және шетелдік сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып отырған этносараралық келісімнің заманауи саясатының тренді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бағытының сабақтастығына негізделген және тұрақтылық пен қоғамның бірігуін қамтамасыз етуге, сындарлы диалог негізінде этносаралық процестерді реттеуге мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button