Жаңалық

Жекпе-жек сарайына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді

Елордадағы Жекпе-жек сарайына даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров есімі берілді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Instagram парақшасында жазды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен әрі қолдауымен Елордамыздағы Жекпе-жек сарайы ресми түрде даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың есімімен аталатын болды. Бұл шешім былай қабылданған еді… Осыдан бірнеше жыл бұрын осы Жекпе-жек орталығының іргетасы қаланып жатқанда Жақсылық ағамыз үлкен ұлы Жандоспен бірге құрылыс басталғалы жатқан жердің жанынан өтіп бара жатады. Енді ғана қазығы қағылып жатқан жерге қарап: «Осы қазаққа, қазақтың спортына, қазақтың күресіне бір кісідей-ақ еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Әсіресе, Одақтың даңқы дәуірлеп, біздің ұлттың өкілдерінің бәйге алмақ түгіл, өзгемен тең тұруының өзі мұң болып тұрған шақта Олимпиаданың жүлдесін жұлып алдым. Онымды бүгінгі қазаққа міндет қылмаймын, әрине. Ол кезде жастықтың буымен білінбеген де екен. Қазір ойлаймын, әлі күнге өзімнің ізімді басатын жігіттердің шықпағанына қарағанда, сол 80-дегі Олимпиада маған да оңайға соқпаған екен-ау деп. Енді бір арманым бар, шіркін осы Жекпе-жек орталығының құрылысы бітіп, менің атымды берсе ғой, арман жоқ еді-ау» деген екен. Жандос: «Ой әке-ай, бұл қай уақытта салынып бітеді дейсіз? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Қандай шешім қабылданады? Білмейміз ғой…» деп қоя салады», – деп жазды Берік Уәли.

Оның атап өтуінше, Жақсылық ағамыз бақилық болып кеткеннен кейін жоғарыдағы әңгіме Мемлекет басшысына жетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірден қолдайды. Тиісті орындарға тапсырма береді.

«Сөйтіп, күні кеше ғана Үкіметтің ресми қаулысы шықты. Жекпе-жек сарайы ресми түрде Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың атымен аталатын болды. Балуан ағамыздың аруағы разы болсын! «Ер есімі, ел есінде» деген осы!», – деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайына Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беруді көздеген Үкімет қаулысының жобасы осы жылдың қыркүйек айында «Ашық үкімет» порталында қоғам талқылауына ұсынылған еді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button