Жаңалық

Тәуелсіздіктің құрдасы Мақпал Манасбаева барлық күйді тарта алады

Бүгінгі санымыздан күйші, ұстаз және де әлеуметтік желі ішінде табиғат аясында тартқан көрнекті бейнероликтері арқылы танылған қобызшы – Мақпал Манасбаева туралы оқып, біле аласыздар.

Мақпал Манасбаева – қобызшы, күйші. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатына қабылданып, елімізге танымал күйші, зерттеуші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Саян Ақмолдадан қылқобыз аспабы бойынша тәлім алады.

10 жасынан бастап қобызда ойнаған дарын иесінің бүгінде бірнеше шәкірті бар.

«Қобыз аспабында тартатын барлық күйді білемін деп айта аламын. Қазіргі таңда өзімді тәрбиелеген, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатында қобыз аспабынан сабақ беремін. Бізге балалар 2-3 сыныптан бастап келеді. 12 жылдық мектепте оқитын оқушылар сол жылдар бойы қозбыздың репертуарындағы шығармалардың барлығын үйренеді», – дейді қобызшы.

Шетелдіктер: «Қобыз туралы, Қазақстанның табиғаты жайлы білгіміз келеді»

«Карантин аяқталған соң Instagram желісі арқылы көп адамдар хабарласып: «Видео түсірейік», – деп ұсыныс айтты. Содан бастап табиғатта қобызбен күй тартып, видеолар түсіре бастадым. Табиғат аясында түсірілген бейнероликтер көпшіліктің көңілінен шығып, көрермен тарапынан оң пікірлер туа бастады. Бейнежазбалар әлеуметтік желіге тарала бастаған соң шетелдік азаматтар: «Қобыз үйретсеңіз, қобыз үйренгіміз келеді, қобыз туралы, Қазақстанның табиғаты жайлы білгіміз келеді», – деп көп жаза бастады. Қазіргі таңда көптеген күйлерді тартамын», – дейді күйші.

Мақпал Манасбаева – бүгінде ондаған шәкіртті тәрбиелеп отырған аяулы ұстаз. Дарынды күйшінің бір шәкірті биыл оқуын тәмамдап, білімін әрмен қарай жалғастыру үшін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияға тапсырады.

«Жыл сайын жеке концерт беремін»

«Карантин болғаннан кейін адамдардың барлығы онлайн жүйге ауысты. Жыл сайын «Астана-Арқау» сықылды фестивальдерде өнер көрсетіп, сахнада күй тартамын. Қазір карантинге байланысты жоспарларым онлайн форматта жүргізілуде. Жалпы жыл сайын жеке концертімді өткіземін».

«Рухани жаңғыру» ұғымы туралы сұрағанымызда ол:

«Рухани жаңғыру» – Елбасының бастамасымен іске асырылып жатқан бағдарлама. Онда жастардың болашағына рухани азық бола алатын мол мәлімет бар. Жеке пікірімді айтатын болсам, мен бағдарламаны тек қолдаймын. Мемлекеттің бағдарламасымен біз, халық рухани жаңғыруымыз керек», – деп жауап берді.

Сұқбат барысында кейіпкеріміз егемендіктің қатарласы екенін айтты. Осы орайда спикерден айтулы дата туралы аз-кем пікір сұраған едік:

«Біріншіден, барлық қазақ халқын алда келе жатқан, бостандыққа қол жеткізген мерейлі күн – Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіз мемлекетте өмір сүргенімді бір бақыт деп есептеймін. Қазақстанның тәуелсіз ел екенін шетелге шыққанда көбірек түсінемін және қадірін білемін», – деді.

Айта кетейік, Ruh.kz порталы аталмыш мереке аясында «Тәуелсіздік құрдасы» атты жаңа айдар ашып, қызықты шығарылымдар ұйымдастыруда. Бізбен бірге болыңыз!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button