Жаңалық

«Кітап фест» фестивалінің жабылу салтанаты өтті

 Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында республикалық «Кітап фест» фестивалінің жабылу салтанаты өтті.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған кітап фестивалінің мән-маңызына тоқталып, ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдірді:

«Барлық қатысушыларға қала әкімінің атынан алғыс айтқым келеді. Осы көрмеге қатысуға республикамыздың түкпір-түкпірінен келген баспа үйлері мен кітапханалардың барлығы келушілерге кітаптың құдіретін тағы бір паш етті. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт бастаған Шымкенттің белгілі қаламгерлері кітаптарын таныстырып, оқырмандармен кездесу өткізді. Әр кездесу тағлымды, тәлімді болды».

Кітап көрмесіне алты күннің ішінде ұзын саны 2500-ге жуық оқырман қатысты. Жергілікті авторлар мен оқырманды қауыштырып, қала берді «Балаларға базарлық» сиқырлы сандығына көптеген азаматтар кітап сыйлаған. Ол кітаптардың барлығы аз қамтылған отбасыларға жөнелтіледі.

Айта кетейік, көрмеде «Лига Волонтер» ұйымының еріктілері ең көп сатылған кітаптарға қатысты сауалнама жүргізген. Кішігірім зерттеу нәтижесінде ең көп сұранысқа ие болған кітап «Махаббат қызық мол жылдар» екен. Одан кейін мотивациялық, психологиялық кітаптар сұранысқа ие болған.

Көрменің жабылу салтанатында фестивальге бір апта бойы белсене қатысқан барша кітапхана мен баспа үйлері, кітап дүкендерінің ұжымы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңында Малайзия елінде ментальды арифметикадан 87 мемлекеттің арасында өткен білім бәсекесінде жүлделі орындарға ие болған мектеп оқушылары марапатталды. Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп гимназиясының оқушылары өнер көрсетіп, жиылған көрерменнің рухын асқақтатты.

Басқа материалдар

Back to top button