Жаңалық

Ақтөбеде бір күн бойы Едіге жыры жырланды

Ақтөбеде облыстық мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» тақырыбымен халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция өткізді, – деп хабарлайды Ruh.kz портал.

Конференцияда Ақтөбе облысы Едігетану алаңы, Едігені насихаттау, ардақтау орталығы болып танылды. Себебі, Ақтөбеде Едіге батырға алғашқы ескерткіш орнатылды, көше аты берілді.

Ғылыми-танымдық зерттеу, насихаттау шаралары жүйелі жүргізілуде. Байғанин ауданындағы «Едіге батыр жерленген жер» деген болжам қорғанды зерттеу қолға алынуда. Мартук ауданында Едіге батыр ерлікпен қаза тапқан жерге ескерткіш – белгі қойылды.

Конференцияда баяндамашылар Едіге жырын жастарға жаттату, жыр оқудан жарыс өткізу, жыршылар дайындайтын кафедра ашу, жырды мектеп бағдарламасына енгізу, Ақтөбе қаласының жаңа құрылыс жүргізіліп жатқан ауданына Едіге атын беру, зерттеу жұмысына маман ғалымдарды көптеп тартуды ұсынды.

Жыршылар бір күн бойы сахнадан Едіге жырын жырлады.

Конференция жұмысы барысында «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық жыр альбомы шығарылып, көпшілікке таныстырылды. Жыр-жинақ альбом сыйлық форматында көркем дизайнмен жарық көріп, оған «Едіге батыр эпосы», «Қырымның қырық батыры», «Қарасай – Қази» т.б. жалпы саны 40-тан астам жырлар енгізілген. Музыкалық альбом 10 дыбыстық жазба дискіден тұрады. Онда 60 сағаттық жыр жазылған. Мұндай фольклорлық жоба Алтын Орданың 750 жылдығына арналып, республикада алғаш рет Ақтөбеде жүзеге асырылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button