Жаңалық

ҚызылордаWeek. Ғарыш айлағына саяхат

Бала қиялымызда әрқайсымыз ғарышқа жеткіміз келсе де, іс жүзінде ғарышкер атану санаулы адамның ғана қолынан келген. Оған тарих куә. Дегенмен, бүгінде бұл тылсым әлемге бір елі жақындауға керемет мүмкіндігіміз бар! Неге десеңіз, ғарышқа апарар төте жол Қазақтың дархан даласынан бастау алады. Ал Байқоңыр сол жолдың «қақпасы» іспеттес.

Байқоңыр – Қызылорда облысы, Қазалы қаласы мен Жосалы елді мекенінің арасында, Төретам кенті маңында орналасқан әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағы. Аумағы 6717 шаршы шақырымды құрайтын «Байқоңыр» кешені 2050 жылға дейін Ресей Федерациясына жалға берілген.

Дәл осы жерден Әлемдегі алғашқы зымыран мен жасанды Жер серігі ұшырылып, 1961 жылы тұңғыш рет адам баласы ғарыш кеңістігін бағындырған еді. Ондаған жылдар бойы жабық стратегиялық аймақ болған Байқоңырды бүгінгі күні турист ретінде тамашалап қайтуға болады.

«Байқоңыр» – қала мен ғарыш айлағын біріктіретін ірі кешен. Екеуінде де көруге тұрарлық дүние жетерлік. Ғарыш кемелерін ұшыруға орай ғарыш айлағына түрлі турлар ұйымдастырылады.

Бұл турлар аясында ғарыш зымырандарын құрастыру-сынау кешендерінің жұмысын бақылауға, Байқоңыр қаласында серуендеп, жергілікті тұрғындармен сұхбаттасуға болады. Айлақта жоспарланған ұшырулар кестесі ашық жарияланатындықтан, туроператорлар туристік топтарды алдын ала құрайды. Жыл сайын Байқоңырдан халықаралық ғарыш бекетіне (ХҒБ) 20-ға жуық зымыран ұшырылады. Олардың басым бөлігі ғарышкерлер мен түрлі жүктерді тасымалдап, Жер орбитасына жасанды серіктерді жеткізеді.

Ғарышқа бастар сөре алаңы

Шүбәсіз, «ғарыш қақпасына» жасалатын сапардың басты оқиғасы – зымыран ұшырылуы. Оны бақылау үшін Байқоңырдағы ең қауіпсіз аймақ – радиусы 1,4 шақырымға тең №1 сөре алаңы. Ол «Гагарин сөресі» деп те аталады. Бұл шолу алаңынан барлығы өте айқын көрінеді.

«Ғарыш» шаһары

Байқоңыр – тыныс-тіршілігі түгелдей ғарышпен байланысты қала, сол себепті қаладағы көрнекті орындардың барлығы Жерден тыс кеңістікті игеру тарихы жайлы сыр шертеді. Қалада ғарышқа «жол салған» әйгілі ғалымдар мен зерттеушілердің құрметіне орнатылған ескерткіштер, өз заманының алыбы болған ұлы тұлғалардың есімі берілген саябақтар өте көп. Г.М. Шубников атындағы саябақта «Ғылым-Ғарыш» деп аталатын ерекше сәулетті-монументалды экспозиция жасалған. Онда бір қолында Жер шарын, екінші қолында ғарышқа ұмтылған зымыран ұстаған әйел адам бейнеленген. Ғарыш айлағын игерудің 25-жылдық мерейтойы құрметіне аталған алаңда өзінің шынайы өлшемінде жасалған «Союз» зымырантасығышының макеті орналасқан. Осы даңғыл бойында, алаңға жақын маңда Ю.А.Гагарин ескерткіші бой көтерген. Бұған қоса, тұңғыш ғарышкердің есімімен әуежайдан қалаға қарай бағытталған көше аталған. Қаланың маңызды көрнекті нысандары тізіміне әлбетте Тарих мұражайын кіргізуіміз керек. Ол ғарыш айлағындағы мұражайдан кішірек болса да, назарыңызға әбден лайық. Мұражай 4 зал мен қалалық мәдениет сарайының екінші қатарында орналасқан көрме галереясынан тұрады. Бүгінде экспонаттар саны 15 мыңға жеткен.

Байқоңырға қалай жетуге болады?

Байқоңырдағы тур әдетте 3 күнге созылады. Тур қатысушысы атанғыңыз келсе, «Роскосмостың» лицензиясын алған туроператорларға жолығуыңыз керек. Бұл жердегі «Роскосмос» – ғарыш айлағын басқаратын мемлекеттік орган және Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығы болып табылады. Арнайы өткізу рұқсатнамасын рәсімдеу айтарлықтай ұзақ уақыт алады. ҚР мен ТМД елдері азаматтары үшін өтініш қабылдау экскурсияға 25 күн, өзге мемлекеттер азаматтары үшін 50 күн қалғанда аяқталады. Сондықтан да, Байқоңырға аттанар сапарыңызды алдын ала жоспарлаған жөн! Қалғанын техникаға сеніп тапсырсаңыз болады. Рұқсатнамаңыз дайын болғаннан кейін, турфирма өкілімен саяхат барысын егжей-тегжейлі талқылай аласыз. Орналастыру, тамақтандыру, экскурсиялар шығындары жалпы тур бағасына кіреді. Оған қоса, турфирмалар сізді қызықтыра алатын қосымша қызметтер ұсынады. Қалай болған жағдайда да, ғарыш әлеміне жасаған саяхатыңыз мәңгіге есіңізде сақталары анық!

kazakhstan.travel

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button