Жаңалық

Сиқырлы сазға бай жетігенді насихаттап жүрген қазақ қызы

Бүгінгі шығарылымда «Жетіген» ұлттық аспабын қалың жұртшылыққа дәріптеп, дәстүрлі ән өнерінің халық арасында кеңінен насихатталуына өз үлесін қосып жүрген ерекше дарын иесі, жетігенші әрі домбырашы Тұрсынай Әлібекқызы туралы сөз қозғалады.

Тұрсынай Әлібекқызы Қызылорда қаласының тумасы. Дегенмен Алматы қаласында өскен. Алматыдағы А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатында оқыған. Мамандығы – домбырашы. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, қазіргі таңда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында магистратурада оқиды. Сонымен қатар жас өнерпаз «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі болып қызмет атқарады.

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе! Жетіген аспабында қанша жасыңыздан бастап ойнайсыз?

Тұрсынай Әлібекқызы: Сәлеметсіз бе! Негізінен, мамандығым – домбырашы. Жетіген аспабын 8-сыныптан бастап үйрендім. Әрі қарай осы аспаппен өзімді дамыту үстіндемін. Жетіген аспабынан өзімді таптым десем қате емес. Өйткені Жетіген аспабының арқасында көптеген республикалық конкурстарда 1-орынды иелендім. Үлкен концерттер мен тележобаларда өнер көрсеттім.

Ruh.kz: Табиғатта жетіген аспабында ойнап, видео түсіруді қашан бастадыңыз?

Тұрсынай Әлібекқызы: Табиғатта бейнеролик түсіруді карантин уақытында қолға алдым. Оның алдында мен осы аспапты дамытып, халыққа таныту мақсатында видео түсіруді ойлап жүрдім. Алайда оның орайы осы, карантин уақытында туды.

Ruh.kz: Шығармашылық жолдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз.

Тұрсынай Әлібекқызы: Жоспарларым өте көп. Солардың бірі – жеке концертімді беру. Сонымен қатар алдағы уақытта әлі де талай видеолар түсіріп, халыққа жетіген аспабын кеңінен танытқым келеді.

Ruh.kz: Алда келе жатқан мерейлі мереке – Тәуелсіздік туралы айтарыңыз.

Тұрсынай Әлібекқызы: Бүгінде осы, ұлттық аспаптарымызды, күллі қазақ өнерін жаһанға насихаттай алуымыз – егемендікке қол жеткізгеніміздің арқасы. Тәуелсіздікті армандап, желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шығып, күрескен ержүрек батырларымыздың арқасында осы аспаптар, сонымен қатар қазақ елінің дарынды жастары көрініп жатыр деп ойлаймын. Барша қазақ жұртын тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ruh.kz: Сұқбаттасуға келісім бергеніңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз! Шығармашылықта да, жеке өмірде де әрдайым сәттілік серігіңіз болсын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button