Жаңалық

Тәуелсіздік құрдасы. Дәурен Мусин

Тәуелсіздік мерекесіне орай, порталымыз «Тәуелсіздік құрдасы» атты жаңа айдар ашқанын өткен шығарылымда айтқан едік. Жаңа айдарымыздың алғашқы спикері – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының аға хормейстері Дәурен Мусин.

Дәурен Мусин қазақ елі ғасырлар бойы аңсап, өткен тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта, 1991 жылы 8 сәуірде дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға жақын болған ол бұл өнерге келуіне ата-анасы септігін тигізгенін айтады:

«Кішкентайымнан музыкаға әуес едім. Ата-анам өнерге алып келді. Бастапқыда Қазақ ұлттық музыка академиясына тапсырып, хор-дирижерлеу кафедрасында білім алдым. Әрмен қарай университетке түсіп, осы мамандық бойынша, магистратурада оқыдым. Одан кейін Санкт-Петербург, Мәскеу секілді ірі қалаларға барып, тәжірибеден өттім. 2014 жылы, театрымыздың 2-маусымында бас хормейстер ретінде жұмысқа тұрдым және осы күнге дейін қызмет етіп келемін».

Ruh.kz: Бүгінге дейін жеткен жетістіктеріңізге нені жатқызар едіңіз?

Дәурен Мусин: Осы уақытта, 7 маусымның ішінде көптеген айтулы жетістіктер болды. Әртүрлі опера қойылды. Сахнада үнемі белсенділік танытуға тырыстым. Әлемге танымал беделді жүргізуші, режиссерлермен танысып, бірге опералар қойдық. Сан алуан материал жаттадық. Осының барлығы мен үшін жетістік дер едім. Бір сөзбен айтқанда, үлкен тәжірибе болды.

Ruh.kz: Тәуелсіздіктен кейінгі жалдары, сіз театрға келгеннен бері орын алған маңызды оқиғалар.

Дәурен Мусин: Гастрольдер деп айтсақ болады. Бірнеше шет мемлекеттерге гастрольдік сапармен бардық. Ол өте маңызды әрі ерекше. Өйткені онда біз өзіміздің қазақ фольклорын, «Абай», «Біржан-Сара» секілді қазақтың әйгілі операларын апарамыз. Гастрольдік сапарға баратын кездегі дайындықтар өте жоғары деңгейде өтеді. Ал бастысы – соңында көрермендердің қол шапалақтауы өте керемет әсер қалдыратыны.

Ruh.kz: Дәурен мырза, тақырыпқа қайта оралсақ. Тәуелсіздіктің қатарласы ретінде айтар ойыңыз.

Дәурен Мусин: Егемендігімізді алғаннан бері Қазақстан бірнеше қадам алға жылжыды. Ол тек мәдениет саласына ғана емес, білім, медицина, экономика салаларына да қатысты. Өзім қызмет етіп жүрген музыка саласы аясында да біздерге, жас мамандарға Елбасы мен Президентіміздің қолдауымен көптеген жолдар ашылды. Біз, жастар тәуелсіз мемлекетімізбен қатар жүріп, оның дамуы жолында өзіміздің идеологиямызды келтіруге тырысамыз.

Ruh.kz: Сұқбаттасуға келісім бергеніңіз үшін көп рахмет! Ел есінде есіміңіз тек «Тәуелсіздіктің құрдасы» деп қана емес, халық жанашыры ретінде сақталуын тілейміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button