Жаңалық

Тәуелсіздік құрдасы. Айжан Жүзбай

«Тәуелсіздік құрдасы» айдарының кезекті кейіпкері – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Қазақстан мен Қытайда кең танымалдылыққа ие дизайнер және де «ZHUZBAY» брендінің негізін қалаушы Айжан Жүзбай.

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, Айжан ханым! Өзіңіз жайлы айтсаңыз. Қай жерде білім алдыңыз, қызметіңіз қандай?

Айжан Жүзбай: Сәлеметсіз бе! Бейжің Сән және Технологиялар Институтының (Beijing Institute of Fashion Technology) «Киімнің көркем дизайны» “Fashion Art Design” факультетінде бакалавр, «Тоқыма техникасы және ғылымы» “Textile

Engennering and Science” факультетінде магистратура бойынша дәріс алдым.

Оқып жүріп көп тәжірбе жинадым, Қытай бойынша, Индия, Түркия, Италия Францияда көрме, жәрмеңкелерге бардым, зауыттарды араладым.

Ruh.kz: Дизайнерлік бағытыңыз қандай, «ZHUZBAY» бренді қашан дүниеге келді, қандай стильде тігеді, қазақы нақыштағы ою-өрнек қаншалықты ескеріледі, өзге елдерде дүкендеріңіз бар ма, ал Қазақстанда қанша жерде, қай қалаларында бар?

Айжан Жүзбай: «ZHUZBAY» бренді 2015 жылда негізі қаланып, 2016 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді.

Бұйымдарда әртүрлі стиль араласқан. Көбіне заманауи классика, ою-өрнекті заманауи бағатта ескеремін. Қазақтың тарихы мен мәдениетінен шабыт пен рух аламын.

Біздің әзірге жеке дүкеніміз жоқ. Қазіргі заманда showroom-дарда, басқа да брендтермен бірге сатылған тиімдірек. «ZHUZBAY» дизайнерлік бренді Қытайдың Бейжің, Шанхай тағы басқа ірі қалаларында және Лондондағы showroom дүкендерінде сатылады. Дегенмен Бейжіңде дүкен ашу ойда бар.

Көбіне Қытайда жақсы сұранысқа ие. Онлайн сатылады. Сатумен арнайы шоурум және компаниялар айналысады. Ал мен үлгісін ойлап тауып, оны зерттеп, құрастырамын. Содан соң пішінге көшеміз. Үлгісін әзірлеп, командамен құптап болғаннан кейін, фабрикаға жөнелтеміз.

Қазір ең басты студия – Нұр-Сұлтан қаласында. Маңызды студия – Бейжіңде. «ZHUZBAY» бренді заманауи болса да, брендтің негізгі түкпірінде ұлттық шынайылық, қазақ иісі һәм қазақи кеңділік пен еркіндік бар.

Ruh.kz: Жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз.

Айжан Жүзбай: Жаңа қадам.

1.Qazaq Institute of Fashion and Technology – Сән саласында заманауи бағытта ақпарат және білім беру. Кеңес заманында жоғалып кеткен ұлттық тарихтын бөлігі,қазақтың киіну және тұрмыс мәдениті туралы ақпаратты зерттеп, жинаудамыз.

2. Qazaq Fashion and Textile Museum – қазақ және ҚР тұратын халықтар мен Орта Азия ұлттары киімдерінің, тұрмыста қолданатын әшекей бұйымдарының жиынтығынан құралған мұрағат-мұражай жасаудамыз.

Жаңа ағым.

Институт пен мұражай. Жаңаша бағытта онлайн білім және ақпарат беру, ескі дәстүрді ескеріп, жаңа ЭКО ағымға ілесіп, табиғи, таза былғары өнімдерді қолдану, қайта өңдеп шығару.

Былғары мен жүн өңдейтін зауыт. Қытай, Дания, Италия елдерінің мамандарымен бірлесіп, көшпенді қазақ халқының көнеден қалыптасқан техенологиясы бойынша жасалған былғары бұйымдарды дайындап, эскпортқа шығару.

Өзімнің шығармашылығымды жалғастыру, жаңа топтамаларды шығарып,қазақтың мәдениетін дәріптеу

Жаңа бастама.

Тәуелсіздік заманында өскен буын бас қосып, «Qazaq Council» Қазақ Кеңесі атты жеке кәсiпкерлердiң және заңды тұлғалардың қауымдастығын құрмақшымыз. Тәуелсіздік берген сана еркіндігі арқылы жаңа жас қазақ буынының туындаларын жаһанға экспорттаймыз.

Шетелдегі жұмыс тәжірибесі бар жастар.

Прогрессивті, өз саласында танымал және ғаламторда кең көлемде қамтылған, барша әлемде жанкүйерлері бар, шығармашылығы саналы, білімді жастар бірігіп, мәдени, креативті индустрия өкілдерінің кәсіби дамуы мен халықаралық интеграциясына жағдай жасау үшін, сондай-ақ шығармашылық саласының өнімдерінің экспортын ілгерілету үшін бірігеміз. Қазақстанның креативті индустриясы өнімдері мен туындылары арқылы Ұлы далаға саяхатты және қазақ мәдениетіне қызығушылықты арттыруға, жастардың ойын дамытуға, жаһанда елдің имиджі мен атақ-абыройын өрлетуге, мәдени үгіт-насихат және үздіксіз даму стратегиясын жүргіземіз.

Қазір өнер арқылы Қазақстандық жастардың жаңа буыны мен олардың өнердегі және кәсіптегі жаңа толқыны заманының бастамасы алға шабар кезеңде тұр. Еліміздің мәдениеті кеңінен таралып, көптеген адамның жүрегінен орын табатына кәміл сенеміз.

Ruh.kz: «Тәуелсіздік құрдасы» ретінде айтарыңыз.

Айжан Жүзбай: Мен 1991 жылы 21 тамызда дүниеге келдім.

21 тамызда Қазақстанда орын алған тарихи оқиғалар:

* 1947 жылы – Курчатов қаласы құрылды (бұрынғы Семей полигонының орталығы). Құрылған кезінен бастап КСРО ыдырағанға дейін ол жабық қала мәртебесіне ие болды;

* 1991 жылы 21 тамызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР Қауіпсіздік Кеңесі құрылып, кейіннен 1993 жылы 17 маусымда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесі болып өзгертілген;

* Ал 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны Қазақ КСР үкіметінің шешімімен жабылды;

* 1992 жылы 21 тамызда Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ICAO) қосылды.

Біз тәуелсіз ойлайтын жастар буынымыз!

Біз, егемендік құрдастары – өзгеге тәуелділіктің не екенін білмейміз және білгіміз де келмейді, біз тәуелсіздікті ұран және қанат етеміз!

Ruh.kz: Сұқбаттасуға келісім бергеніңізге көп рақмет! Қызметте жаңа бел-белестерді бағындыра беріңіз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button