Жаңалық

Тәуелсіздіктің қоғамдық санаға әсері талқыланды

Тәуелсіздіктің маңыздылығы не? Оның қоғамдық сананың қалыптасуындағы рөлі қандай? «Азаматтық алаң» отырысында қазақстандық сарапшылар мен пікір көшбасшылары өзектілігін жоғалтпайтын осы тақырыпта өзара талқы жасады. 

Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында «Азаматтық алаң» жобасының кезекті отырысы «Тәуелсіздіктің маңыздылығы, қоғамдық сананың қалыптасуындағы оның рөлі» тақырыбына арналып, пікір көшбасшылары өз ойларын ортаға салды. Осы орайда Қарағанды қаласы «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесінің жетекшісі Айтбай Жұмағұловтың Тәуелсіздіктің тағылымын Елбасының жүріп өткен жолдарымен салыстырды.

«Дүниеде адамзат баласы үшін азаттықтан асқан бақыт жоқ. Алайда соңғы кезде осы Тәуелсіздіктің қадірін түсіне алмай жатқан сияқтымыз. Тәуелсіздіктің тағылымын Елбасының жүріп өткен жолынан, халықаралық аренадағы беделінен көруге болады деп ойлаймын. Мен үшін Тәуелсіздіктің ең ері жетістігі – осыдан үш жыл бұрын жазылған Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы. Үлкен бағдарламаға айналып, болашағымызға бағыт-бағдар берген, келешегімізді айқындаған «Рухани жаңғыру» әрбір адамның мыңдаған жақсы қасиеттерін ашып жатыр. Мәселен, арыға бармай-ақ қоялық, соңғы уақыттың өзін қарайықшы: Қытайды мойындатып, қазір әлемді жаулап жатқан Димаш әншіміз шықты. Кеше ғана балғамен пойыздың доңғалағын ұрып жүрген Иманбек те бүгінде күллі әлемді аузына қаратты. Яғни, мұның барлығы Тәуелсіздіктің бізге берген сыйы», – деді Айтбай Жұмағұлов.

Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бауыржан Рақышев Тәуелсіздік кезеңінде медицина саласында жеткен жетістіктерімізге тоқталып, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарыну кірудің төте жолы – салауатты өмір салты екендігін айтты.

«Мемлекеттің, қоғамның басты байлығы – адам. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық саналы ғұмырын халқымыздың салауатты өмір салтына арнап, бүгінде Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатын Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Қазіргі таңда еліміздің алдында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсаты тұр. Бұл айқындалған мақсат және соған жетудің төте жолы – салауатты өмір салтын ұстану, денсаулыққа көңіл бөлу. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Атап айтсақ, Тәуелсіздік кезеңінде балалар арасындағы өлім саны 12 пайызға, аналар арасындағы өлім-жітім 17 пайызға, жүрек ауруларынан болатын өлім 15 пайызға, онкологиялық аурулардың салдарынан келетін өлім саны 14 пайызға, туберкулез ауруынан болатын өлім 51 пайызға және әртүрлі жарақаттардың кесірінен болатын өлім-жітім 24-25 пайызға төмендеген. Ал халқымыздың орташа жасы 74 жасқа артқан. Алдағы уақытта бұл межені 75 жасқа көтеруді көздеп отырмыз», – деді Бауыржан Рақышев.

Сонымен қатар, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тағы бір жеңімпазы, «Жүзбай Дизайн» ЖШС директоры Айжан Жүзбай бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында жастарда сана еркіндігінің пайда болғанын атап өтті. Дегенмен елімізге заман ағымына ілесіп отыру үшін көзі ашық, көкірегі ояу жастарды біріктіріп, Тәуелсіздіктің жаңа ағымы мен бағытын құру қажет.

«Бүгінде Қазақстанға заман ағымына ілесіп отыру үшін әрбір салаға жаңа көзқарас, жаңа бағыттар қажет. Әлбетте, бұл тұрғыда бағзы дәстүрлерімізді де ұмытуға болмайды. Ескі дәстүрді ескеріп, алдағы уақытта эко бағытта дамуымыз керек. Осы орайда айта кетейік, эко ұғымы адамзат баласына соңғы 10 жылда ғана етене енген болса, ата-бабамыз табиғатқа зиян келтірмейтін заттарды ғасырлар бұрын ойлап тапқан. Төрт түліктің етін жеп, терісін киім еткен. Яғни, қалдық қалдырмаған. Ал бүгінде эко деп жүрген заттардың көбі таза емес. Егер кәдеге аспай қалатын болса, оны басқа нәрсе үшін пайдалана алмайсың. Сондықтан, ескі мен жаңаны ұштастырып, бізге халықаралық сахнаға жаңа бағыттағы сапалы өнімдерді шығару қажет. Бұл тек бір салаға емес, барлық индустрияға қатысты. Ол үшін көзі ашық, көкірегі ояу барлық жастарды біріктіріп, Тәуелсіздіктің жаңа бағдарын құру керек», – деді Айжан Жүзбай.

Айта кетейік, «Азаматтық алаң» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Оған «Балапан» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен, «Мемлекет тарихы» институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған, UTC «UMBRELLA Training and Consulting» кеңесшісі Валерий Опря және тағы басқа сарапшылар мен пікір көшбасшылары қатысып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» департаментінің директоры Нұрлан Күнтуов модераторлық етті.

Басқа материалдар

Back to top button