Жаңалық

UNESCO тоғызқұмалақ ойынын адамзатқа ортақ мәдени мұралар тізіміне қосты

ҚР СІМ баспасөз бөлімі тоғызқұмалақ ойыны адамзаттың мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілгенін хабарлады. 

Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет тиісті ұсыныс үшін дауыс берді. Дауыс беру комитеттің 2020 жылдың 14-19 желтоқсаны аралығында онлайн режимде өтіп жатқан 15-сессиясы аясында өткізілді. Отандық делегация құрамында Қазақстанның UNESCO жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері мен UNESCO және ICESCO істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы МЕММ бойынша Ұлттық комитеттің сарапшылары болды.

Аталмыш сессияда Үкіметаралық комитет 42 номинацияны, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Түркия бірлесе енгізген «Тоғызқұмалақ» ойынын қарастырды.

Тоғызқұмалақ (қырғыздарда – тогуз коргоол, түріктерде – мангала/гечюрме) – адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын. Ол ежелгі түркілер қасиетті санаған 9 санына негізделген. Ойынды кейде «қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Өйткені, ойын кезінде барлық төрт негізгі математикалық амал қолданылады.

«Тоғызқұмалақтың» енуімен бірге МЕММ репрезентативтік тізіміндегі адамзаттың мәдени мұрасы санатындағы қазақстандық элементтер саны 11-ге жетіп отыр. Бұған дейін бұл тізімге домбыра күй өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамы, саятшылық, жіңішке нан – қатырма, асық ойыны, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік әдет-ғұрыптары (бие байлау, айғыр қосу, қымыз мұрындық) кірген болатын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button