Жаңалық

Түркістанда тағы бір аудан құ­рылмақ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласының тұрғындармен кез­десуінде қалаға қарасты 12 ауылдық округі аумағынан жаңа Сауран ауданын құру жөніндегі ұсынысы Президент тарапынан қолдау тапқанын мәлім етті. 

«Кентау қаласындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлінгенімен әрі қарай дамыту бағыттары көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округ­тің орналасуы қаланың аудандық дең­гейге көшкенін көрсетіп отыр. Қа­ла орталығының ауылдардан шал­ғай­да орналасуы тұрғындар үшін көр­­сетілетін мемлекеттік қыз­мет са­пасы­ның төмен­деуіне, елді мекендер­дегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қам­тылуына, сондай-ақ өз тари­хын­да полиметалл рудасын өн­діретін өнер­­кәсіптік қала ретінде да­мы­ған­ды­ғын ескерсек, Кентаудың аудан­дық ор­­талыққа айналуы іс жүзінде да­муының баяулауына және ауылдарға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүм­кін. Жоғарыда айтылған мәселелерді ой елегінен өткізіп, саралай келе, қазіргі қа­лыптасқан ахуалды назарға ала оты­рып, жаңа ауданды құру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасадым. Менің ұсынысым Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Осы ұсыныстың негізінде жаңадан құ­рылатын ауданға «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп Шорнақ елді мекенін бекіту орынды деп санаймын», – деді облыс әкімі.

Жаңа құрылатын ауданға «Сауран» атауы беріледі. Өйткені ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жо­лының бойында орналасқан және ежел­гі Түркістан ұғымымен байланыс­ты. Ал Шорнақ елді мекені жаңа аудан­ның әкімшілік орталығы болып қалып­таспақ. Маңызды бастаманы зиялы қауым мен ардагерлер бірауыздан қол­дады. Оразкелді Егізбаев қария ілге­ріде Шорнақ Фрунзе ауданының орталығы болғанын, кейіннен Түркістан қаласына біріктірілгенін айтты.

«Ал Түркістан облыс орталығы болған тұс­та қалаға қарасты 12 ауылдық округ Кен­тауға берілді. Бүгін тағы бір жақсы жаңалық естіп отырмыз. Жалпы, бұл бұрыннан халықтың ойында жүрген мәселе еді. Өз бастамаңызбен қолға алыпсыз, оған рахмет», – деді қария.

Жаңа ауданда мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және басқа құрылымдық органдардың құрылуы, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және ауылдық жерлердің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дамуға жаңа серпіліс алмақ. Сауран ауданы Наурыз мерекесі қар­саңында ашылады. Шорнақ ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Мұнда бүгінде 12 мың халық тұрып жатыр. Құрамына енетін ауылдық округтерді қосқанда жаңа аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button