Жаңалық

Абай жылы қалай қорытыланды?

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?», деп өлеңді сөз патшасы еткен қазақтың біртуар перзенті Абай ақынның 175 жылдығын еліміз дүркіретіп атап өтпесе де, республикалық және халықаралық деңгейде тыңғылықты жобалар іске асты. 

2020 жылы әлем тұрғындарын әбігерге салған індет Абай жылының «ерекше» аталып өтілуіне себеп болды. Көптеген бұқаралық іс-шаралар карантин салдарынан өткізілген жоқ. Десек те, қатаң шектеулер Ұлы ақынның асыл мұрасы мен өсиетін төрткүл дүниеге паш етіп, мемлекетіміздің рухани тұрғыда дамуына еш кедергі келтіре алмады.

Жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан бастау алды. Аталмыш мақала еліміздің зиялы қауым өкілдері арасында ғана емес, алыс және жақын шетелдерде қызу талқыланды. Өз мақаласында ел Президенті Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән берілгенін атап өтті.

«Елбасы бастап, ел қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік.

Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз сол Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?

Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз.

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.

Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.

Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша Мемлекет басшысы халқымызды Абай мұрасын тануға шақырды.

Қазақтың Ұлы ғұламасы Абай Құнанбаевқа ескерткіштер Қазақстанның түкпір-түкпірінде ғана емес, Ресей, Венгрия, Иран, Египет, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты елдердің астанасында қойылған.

Ал өткен жылы Абай атамыздың 175 жылдығында ақынға арналған ескерткіш Босния мен Герцовинаның астанасы Сараевода, Түркияның Чорум кентінде, Швейцарияның Женева қаласындағы Ұлт сарайында орнатылды.

Алайда Абайдың Отаны Семей қаласында былтыр қойылған ескерткіштің орны бөлек. Елімізде ғана емес әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтың ойшылына бұрын соңды тұрғызылған ескерткіштер қолына кітап ұстаған, иығына шапанын жаба киген Абайды бейнелесе, биылғы ашылған ескерткіш ақынның ғана емес оның ұлдары Ақылбай мен Тұрағұлдың кейпін келтіреді. Абай музейінің аумағында бой көтерген композицияның авторы Нұрбол Мейрамұлы ұлдардың әкесіне деген махаббатын, мейірімін жеткізуге тырысқаны сезіледі.

Сонымен қатар, 2020 жылы Абай атындағы көшелер Иорданияның Амман қаласында, Аргентинаның Росарио қаласында, Болгарияның Варна қаласында, Түркияның Стамбул қаласында пайда болды.

Өткен жылы іске асқан ірі де маңызды шаралардың бірі – «Абай» телеарнасы тұсауының кесілуі. «Абай» телеарнасы аз уақыт ішінде өз көрерменін жинап, мәдени-ағартушылық салаға қомақты үлесін қосуда, ұлт қазынасын толтыруда.

Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады.

«Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру өте орынды. Өйткені, ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етеді. Бұл турасында ұлы ойшылдың «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек… Ұлы ақын тағы бір сөзінде адам баласын заман өсіреді дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді», – дейді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев.

Мұнымен қоса, Абайдың 175 жылдығына орай қазақтандық көрерменге «Абай жолы» хикаясы жол тартты.

Абайдың кіндік қаны тамған жерде өткен жылы қыруар жұмыстар атқарылды. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Бөрлідегі Мұхтар Әуезов және Жидебай мемориалдық кешеніндегі қорық-мұражай қайта жаңартудан өтті. Сырт Қасқабұлаққа төселген домбыра бейнесінде жол төселіп, Ақшоқыда Құнанбай әулетінің қорымы жаңартылды. Оның жанында, сонымен қатар ақынның әкесінің құрметіне жаңа музей бой көтерді.

Өткен жылы қол жеткізілген маңызды жетістіктердің бірі – Қазақтан Республикасындағы мерекелік күндердің күнтізбесі қазақтың ағартушысы, ойшылы, ақыны, ғұламасы, аудармашысы, сазгері Абай күнінің белгіленуі.

Бұл мереке 2020 жылдың 10 тамызында, яғни Абайдың 175 жылдығында Үкімет қаулысымен алғаш рет аталып өткен болатын. Бұдан былай осы күні біз жыл сайын ұлы баба рухын ұлықтап, арнайы мереке ретінде атап өтеміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button