Жаңалық

«Айқап» журналының шыққанына 110 жыл

Қазіргі таңда журнал бетінде жарық көрген материалдар ХХ ғасырдың басындағы қоғам дамуының ерекшелігін, ұлт мәселелерін тануда үлкен деректік мәнге ие болып отыр, деп хабарлайды Ruh.kz.

«Айқап» журналы – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлты үшін атқарған ұлы еңбектерінің куәсі. Журнал 1911 жылдың қаңтары мен 1915 жылдың қыркүйегі аралығында Троицк қаласында шығып тұрған қазақ тіліндегі алғашқы мерзімдік баспасөз құралдарының бірі. Ол кейде айына бір рет, кейде екі рет шығып тұрған. Қоғамдық саяси және әдеби-мәдени тақырыптарды арқау еткен журналдың редакторы – көрнекті көсемсөзші, ақын, зерттеуші Мұхамеджан Сералин.

Журналды шығару ісіне татар ұлтының зиялылары біршама қаржылай-рухани көмек көрсеткен. Басылымның 88 саны жарық көрген.

«Айқап» ұлт тарихы мен мәдениеті тақырыбын да біршама зерделеген. Журнал ХХ ғасыр басында қазақтың саяси, мәдени деңгейінің өсуіне айрықша ықпал еткен. Басылым атына келсек, қазақтың «әй, қап!» деген өкінішке толы сөзінен туған. Мақсаты да өкініштің орнын толтыру. Мұны журналдың бірінші нөмірінде редактор М. Сералин оқырмандарға былай деп түсіндірді:

«…Біздің қазақтың неше жерден “қап” деп қапы қалған істері көп. “Қап” дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды».

«Айқаптың» бірінші бетінде елдегі жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші жəне үшінші беттерінде «Ашық хат» деген айдармен оқырман хаттары басылып тұрды. Төртінші, бесінші, алтыншы беттерінде проблемалық мақалалар берілді. «Фельетон», «Хабарлар» айдарлары журналдың орта тұсынан, шетел хабарлары мен көңіл айту, басқарма ескертулері мен рецензиялар соңғы жағынан орын алды.

М.Сералинмен қатар Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров журналдың рухани жетекшілеріне айналды. 1911–1912 жылдары Ə.Ғалымов, 1913–1914 жылдары С.Торайғыров журналдың жауапты хатшысы болды. Басылым бетінде М.Жолдыбаев, Т.Жомартбаев, М.Кашимов, Қ.Кемеңгеров, М.Ж.Көпеев, А.Мұсағалиев, Б.Сыртанов, С.Лапин, Н.Манаев, С.Дөнентаев, С.Сейфуллин, С.Көбеев, Ж.Сейдалин, Б.Бекжанов сынды тұрақты авторлардың мақалалары жарияланып тұрды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button