Жаңалық

Елорданың Музыкалық жас көрермен театры тұсаукесерге шақырады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Музыкалық жас көрермен театрының 2021 жылы алғашқы қоятын спектаклі – Федор Достоевскийдің «Ұлдар» драмасы. Премьера жазушының «Ағайынды Карамазовтар» романының желісімен сахналанады, деп хабарлайды Ruh.kz.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ұлдар» драмасының қойылымы жасөспірімдер өмірінен көрініс береді.

«Балалардың адамға, қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарастары, күнделікті өмірдегі бір-бірімен қарым-қатынастары балалық психологияның шеңберінен шықпағанымен, жасөспірімдер ғана емес, ересек адамдарға да ой салатын көркем шешімдерге құрылған.

Мысалы, Илюша кім? Ол тектен-текке батыр болып кеткен жоқ. Бала жүрек намыс пен кектің арасын ажырата алмай қалды. Шығарма қандай жағдай болса да, адам баласы өзінің асыл қасиеттерін жоғалтпай, адам болып қалу керектігін дәріптейді. Осылайша «Ұлдар» спектаклі көрерменді мейірімділікке, адамгершілікке, сенімділікке шақырады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Ерназар Жаңатілек. Басты рөлдерді Еламан Иманбаев, Дінислам Нұрмағамбетов, Асылхан Төлепов, Саламат Мұқашев сомдайды.

Тұсаукесер 11, 12, 13 қаңтарда өтеді. Басталуы сағат 19:00-де.

Айта кетейік, «Ағайынды Карамазовтар» – 1878-1880 жылдары жазылған Ф. Достоевскийдің соңғы романы. Әлем әдебиетіндегі үздік туындылардың бірі ретінде бағаланады. Ф. Достоевский аталмыш романда адам өмірінің негізгі мәселелерін алға қояды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button