Жаңалық

Қостанайда көне мешіт ғимараты жаңартылды

Жаңартылған ғимаратта облыстық Дін істері басқармасы мен дін мәселелерін зерттеу орталығы орналасады, деп хабарлайды Ruh.kz Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып. 

Қостанай облысында 120 жылдан астам тарихы бар «Ақмешіт» нысаны қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді.

«Ақмешіт» киелі нысанына және оның аумағында орналасқан әкімшілік ғимаратқа бардым. Өткен жылдың мамыр айында «Ақмешіт» сәулет ескерткішінде ғылыми-жаңғырту жұмыстары аяқталды. 2020 жылы әкімшілік ғимаратқа да жаңғырту жұмысы жүргізілді. 1954 жылы салынған бұл ғимарат әбден тозығы жетіп, ескірген. Қайта жаңғырту кезінде ғимараттың іргетасы бекітіліп, қасбеті және шатыры, инженерлік желілері жөнделді, есік-терезелері жаңартылды», – деп жазды облыс әкімі Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Қостанай қаласының орталығында орналасқан Ақмешіт – Тобыл-Торғай өңіріндегі киелі орындардың бірі. Ол қаланың ең көрікті жерлерінің тізіміне де енген.

Қостанайдағы мешіт 1893 жылы қарапайым мұсылмандар мен бай көпестердің садақаларына салынған.

Жаңа мешітің құрылысына белгілі көпестердің бірі Абдулвали Яушев мұрындық болған. Абдулвали Яушевтің 1906 жылы қайтыс болғанынан кейін мешітті басқару билігі інісі Муллағалидің қолына өтеді.

Биіктігі 6 метр болатын мешіттің негізгі ғимараты бастапқыда екі қабатқа бөлінген. Төменгі қабатына толығымен киіз төселген, сол жерде бай емес мұсылмандар намаз оқыды. Сәнді кілемдермен әсемделген қабырғалары мен едендері бар жоғарғы қабатында жергілікті ақсүйектер намаз оқыды.

Кеңес билігі тұсында мешіт ғимаратында киноклуб, көшіру бекеті, жас көрермендер театры, облыстық филармонияның концерт залы орналасты.

Тәуелсіздік алған жылы ғимарат мешіт болып қайта жабдықталды. Ұзақ жылдардан соң Қостанай мешітінде намаз алғаш рет Құрбан айт мейрамында оқылған екен.

1993 жылы мешіт өзінің жүз жылдығын тойлады. 2002 жылы мешітке ғалым Марал ишан Құрманұлының аты берілген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button