Мақала

Гарри Поттерді қазақ еткен жас суретші нені армандайды?

Қазақтың ұлттық киімін киген Гарри Поттерді елестете аласыз ба?

Мұндай кейіпкер сіздің түсіңізге де кірмеген шығар, сірә? Ал тараздық жас суретші Хогвартс оқушыларын қазақ кейіпінде көріп қана қоймай, өз қиялын ғаламтор әлеміне паш етті. Ruh.kz порталының тілшісі ерекше графикалық туындының авторымен танысып, оның алдағы уақытқа арналған жоспарлары жөнінде біліп қайтты.

Аты дүниежүзіне әйгілі Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді», – деп еді. Даңқты дарын иесінің бұл сөзі материалымыздың кейіпкеріне қатысты айтылғандай. Жасы жиырмада болса да, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру мақсатынан айнымайтын Аружан Жұмахан әлемге өз туындылары арқылы қазақ халқының сұлулығын көрсетуді, ұлтымыздың бай мұрасын танытуды армандайды.

«Мәдениет – ұлт айнасы, рухани болмысы, парасаты. Ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, өнерді ұлықтап насихаттау баршамыздың ортақ парызымыз деп білемін. Бұл ретте суретші ретінде мен үлкен жауапкершілікті сезінемін. Сол себепті ұлттық нақыштағы киімдерді, әшекей бұйымдарды салғанды ұнатамын. Аруларымыз мен бозбалаларымыздың табиғи сұлулығын, қазақтың ұлттық киімдерінің, әшекейлерінің көркемдігін барынша жеткізуге тырысамын. Бала кезімде ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген киімдерді шығаратын дизайнер болуды армандайтынмын. Бұл мұратымды туындыларымның көмегімен іске асырдым десем болады», – дейді Аружан Жұмахан.

Британдық жазушы Джоан Роулингтің атақты романының кейіпкерлерін де жас шебердің арманын жүзеге асырудың құралы деп тануға болады. Ғаламтор бетін жайлаған иллюстрация авторы Хогвартстың оқушыларына қазақтың ұлттық киімдерін кигізіп қана қоймай, оларға қазақы есімдер қойған. Гарри Поттер туралы романдар қазақ тілінде жазылған жағдайда, басты кейіпкерлердің есімі Ғалым, Ғазиза, Дарын, Райм болар еді.

«Гарри Поттер фильмін бәріміз көріп өстік қой. Кинотуынды, әсіресе, кішкентай көрермендерді елең еткізбей қоймайды. Роман кейіпкерлерін қазақыландыру идеясы Джоан Роулингтің өмірбаянымен танысқан кезде келді. Бұл жазушыны шығармалары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін сыйлаймын. Оның атақты романының кейіпкерлерін танымайтын жас буын өкілі жоқ. Мәдениетімізді жастарымыздың арасында осылайша неге насихаттамасқа?!» – дейді жас суретші.

Бойжеткеннің айтуынша, бейнелеу өнеріне ол бала күнінен әуес. Сол себепті Аружан өзінің болашақ мамандығын еш кідірместен таңдағандығын айтып, ойында жүрген жоспарларымен де бөлісе отырды.

«Сурет салумен үш-төрт жасымнан, яғни ес білгелі айналысып келемін. Өнердің бұл түріне деген махаббатым ерекше, басқа әлемге енгендей күй кешемін. Мектеп оқушысы бола тұра ешқандай өнер мектебіне немесе сурет үйірмесіне барып, қабілетімді ұштаған жоқпын. Қазіргі таңда Тараз қаласында өзімнің сүйікті мамандығым бойынша білім алып жатырмын. Төтенше жағдай жарияланып, еліміз қатаң карантинде отырғанда компьютерлік графиканы тереңірек меңгеріп, қазақы стильдегі туындыларды жарыққа шығара бастадым. Алдағы уақытта ойымда жезтырнақ, жалмауыз, мыстан кемпір сияқты қазақ мифологиясының кейіпкерлерін салу бар. Сондай-ақ, мен қазақ әйел роботының суретін салуды жоспарлап отырмын. Жақын келешекте парақшамнан робот әйелді көрулеріңіз әбден мүмкін», – деді Аружан Жұмахан.

Айта кетейік, компьютерлік графика – әр түрлі кескіндерді (суреттерді, сызбаларды, мультипликацияларды) компьютердің көмегімен салуды қарастыратын информатиканың маңызды саласы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button