Жаңалық

Қарағандылық өнертапқыш тоқпен жұмыс істейтін күбі жасады

Қарағанды гуманитарлық колледжінің оқытушысы Мәлік Хайролла шәкірттерімен бірге қымыз дайындауға арналған электр күбі ойлап тапты, – деп хабарлайды Ruh.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып. 

Күбінің басты ерекшелігі – ондағы өнім минутына 60-70 рет шайқалады.

«Күбі дайындау идеясы қымыздың емдік қасиетіне байланысты ойға келді. Ол әдетте қолмен дайындалады. Студентім екеуміз жұмысты қалай жеңілдету туралы ойладық. Оған күбінің дизайны туралы айттым. Содан кейін электр қуатының көмегімен қымыз дайындау кезеңділігі мен режимін бұзбай күбіні құрдық», – дейді Мәлік Хайролла. 

Солай, алғашқы модель жасалған. Дегенмен, сынақ барысында күбінің дизайнын бірнеше рет өзгертуге тура келген. Ал өнертапқыштың тағы бір шәкірті жел энергиясымен жұмыс істейтін күбі жасап шығаруды шешкен.

«Біз оны сынап көрдік. Ол да жұмыс істейді. Өз өнертабыстарымызға патент алғымыз келді. Әділет министрлігіне жүгіндім. Ол кезде авторлық құқық туралы заң әлі қабылданған жоқ еді. Мен өнертабысты тіркедім, кейбір құжаттарды алдым. Бірақ сонымен тоқтап қалдым. Не дегенмен, патент алуға бір қадам жақынмын деп айта аламын», – деп түсіндіреді өнертапқыш.

Мәлік Хайролла қазақ халық аспаптары мен тұрмыс заттарының шебері ретінде де танымал. Ол қобыз, домбыра, астау, ат әбзелдерін жасайды. Оның шеберханасында тас диірмені де бар. Өзінің алғашқы домбырасын Мәлік Хайролла жетінші сыныпта оқып жүргенде жасаған.

«Әкем де, менің барлық аталарым да шеберлер болған. Маған олардан осы дарыным мен туған жерге деген махаббат берілген. Кейде мен шабыттанып отырып бір нәрсе жасаймын, ал кейде бір нәрсені қайталап, қайта құрып, жақсартумен айналысамын. Көп әдебиет оқимын», – дейді шебер.

Мәлік Хайроланың алға қойған көптеген жоспарлары бар. Ол көшпелі ханның арбасын қалпына келтіріп, киіз үйдің этнографиялық негізін сақтап қалатын көшпелі мұражай ұйымдастырғысы келеді.

Басқа материалдар

Back to top button