Жаңалық

Ұлттық музей қоры бірегей жәдігерлермен толықты

Ұлттық музей қоры бірегей жәдігерлермен толықты

Соңғы үш жылда Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында жүргізілген археологиялық зерттеулер тың деректерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мәселен, Сарыарқаның батыс бөлігіндегі Саба қорымының өзінен үш мыңнан астам жәдігер табылды деп хабарлайды Ruh.kz.

Саба қорымы Қостанай облысының Арқалық қаласы маңындағы Жаңақала елді мекенінде орналасқан. Археологиялық ескерткіштер кешені Қола дәуірі мен Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды.

ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының зертхана жетекшісі Архат Қайырмағамбетов аталмыш қорымның тек 2017 жылы зерттеле басталғанын алға тартып, зерттеу жұмыстарының тың деректерге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін айтты.

«Бұл – өте қызықты археологиялық ескерткіштер кешені. 2017 жылдан бастап, төрт маусым ішінде жеті обаны зерттедік. Халық арасында мұндай қорғандар мұртты обалар деген атаумен белгілі. Табылған жәдігерлер біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырға жатады. Олардың арасында темір қылыш, қоладан жасалған найзаның түрлі ұштары, Қола дәуіріндегі Алакөл мәдениетіне тән ою-өрнектері бар керамиалық ыдыстар бар. 2020 жылы біз сақ тайпалары ақсүйектерінің әйел өкіліне тиесілі алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды таптық. Жоғары шеберлікпен орындалған ұсақ моншақтарға, алқаларға, түсі көгілдір моншақтарға ғалымдар қызығушылық танытпай қоймайды. Зерттеу жұмыстарын жүргізген үш жыл ішінде Саба қорымынан үш мыңнан астам жәдігерді анықтадық», – деді Архат Қайырмағамбетов.

Саба қорымынан табылған жәдігерлер Қостанай өңіріне қарасты Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінде, Амангелді аудандағы мұражайлардың бірінде және ҚР Ұлттық музейінің Алтын залында сақталып, келушілердің назарына ұсынылған.

Еске салайық, жуырда ҚР Ұлттық музейінде «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты ұжымдық монография таныстырылған болатын. 5 бөлімнен тұратын еңбекте музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының 2018-2020 жылдардағы археологиялық, этнографиялық зерттеулері, геоақпараттық картографиялау, Сарыарқаның тарихи-мәдени мұра нысандарын цифрлық 3D модельдеу және Ақмола облысының топонимикасы бойынша жүргізген жұмыстарының нәтижелері ұсынылған.

Сарыарқаның батыс бөлігінде орналасқан Саба қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде алынған қола дәуірінен халықтардың ұлы қоныс аударуына дейінгі тұрғындардың сәулеті, жерлеу салты, дүниетанымы, қару-жарағы, мәдениеті мен шаруашылығы туралы жаңа мәліметтер де кітапқа енгізілген.

Басқа материалдар

Back to top button