Жаңалық

«Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» жинағы жарық көрді

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде ұстаз, ақын Ахат Шәкәрімұлының 120 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» жинағының таныстырылымы өтті. 

Абай музейінің ғылыми концепциясының жеті бағытының бірі концептуалды бағыт бойынша Ахат Шәкәрімұлының шығармаларының бір томдық жинағы жарық көрді. Бұл жинақ негізінен Ахат Шәкәрімұлының зайыбы Бәтима Жакенованың Абай музейіне өткізген материалдары негізінде дайындалды.

Жинақта ақынның өлеңдері мен поэмалары және естеліктері берілген. Ахат Шәкәрімұлының поэзиясы жанрлық тұрғыдан да тынысы кең. Оны ақын өлеңдерінің тақырыптық-мазмұндық молдығы, поэмаларының эпикалық ауқымы көрсетеді.

Сонымен қатар, Ахат ақсақалдың естеліктері хакім Абай, данышпан Шәкәрім және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына шынайы сәуле түсіретін терең тарихи мазмұнымен де өзгешеленеді.

«Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» бір томдық жинағына алғы сөз жазып, жалпы редакцияны басқарған Абай музейінің директоры Т. Шаңбай. Жинақты құрастырып, түсініктемесін дайындаған Абай музейінің аға ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Г. Бейсембинова.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне тарихи-өлкетану музейінің директоры Қ. Сабырбаев, Қазақстан Жазушылар Одағы Семей өңірі филиалының төрағасы М. Қарт қатысты.

448 беттен тұратын кітап «Жәрдем» баспа компаниясынан жарық көрді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button