Жаңалық

Notre-Dame de Paris. Луиджи Бониномен сұқбат

Ролан Петидің хореографиясындағы әйгілі «Париж Құдай анасының соборы» балеті 23 қаңтар күні «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында өтпек. Францияда Ролан Пети қоры бар, оған хас шебер мұрасының мінсіз сақталуын қадағалайтын балетмейстердің серіктестері енген. Әлемдік хореографияның осынау жауһарын елордалық қауымға ұсынар алдында атақты балетмейстер Луиджи Бонино спектакльдің орындалу сапасын тексеру үшін театрға арнайы келді. 

– Маэстро, «Астана Опера» сахнасындағы «Париж Құдай анасының соборы» премьерасынан кейін 5 жыл өтті, Сіз осы спектакльді қазақстандық сахнаға шығардыңыз, қазіргі таңда бұл қойылым қандай күйде?

Луиджи Бонино: Премьера кеше ғана орын алғандай әсердемін. Өте қуанышты болдым, себебі ұзақ уақыт өткен соң бүгін сіздердің труппаларыңыздың бірінші дайындығын көріп, әртістердің бәрін есте сақтап қалғанын түсіндім.

– Қойылым жұмыстары кезінде кордебалетпен Сіздің ассистентіңіз Джилиан Уитингам айналысқан болатын, кейін оның қажырлы еңбегін біздің тәлімгер ұстаздарымыз Елена Шерстнева мен Ғалия Бегалина жалғастырды. Труппа бүгінгі күні де бұрынғыдай мінсіз үйлесімдікті паш ете ала ма?

Луиджи Бонино: Әбден паш ете алады, труппа өте ғажайып. Сонымен қатар Елена Шерстнева – осы хореографияның әр тұсын жақсы білетін тамаша ұстаз екенін атап өткім келеді, кордебалет жұмысын нағыз Ролан Петиге тән рухпен сай алып шыға алады. Әрине, әртістердің осы балетті орындауға деген құштарлығы елеулі рөл атқарады, балеттің оларға шынымен ұнайтынын көремін. Кордебалетте жаңа әртістер пайда болғанын байқап үлгердім, олар материалды жақсы меңгерген. Солистерге келетін болсақ, спектакль күні біз орындаушылардың бұрынғы құрамын қалдырдық, бірақ бұдан бөлек дайындықта зор ынтызарлық танытқан басқа әртістерді де байқап көрдік. Өкінішке қарай, осы жолы біз бір-ақ рет өнер көрсетеміз, алайда мен болашақта аталған спектакльде барлық партияларды орындау қолынан келетін бірегей әртіс Сұлтанбек Ғұмар билегенін қалар едім. Сондай-ақ жас солист Шұғыла Әдепхан көңілімнен шықты.

– Алтынай Асылмұратова мен Константин Заклинский солистермен жұмыс жасады, кезінде Р.Петидің спектаклінде Сіз сияқты олардың өздері де билеген болатын. Кемеңгердің шығармашылығына бойлау деген не? Өз естеліктеріңізбен бөлісіңізші.

Луиджи Бонино: Мен үшін бұл өте керемет кез болатын, себебі оның қиял әлемі сарқырама тәрізді тоқтаусыз әрі шексіз. Балет студиясына келгенімде, қазір не болатынын білмейтінмін. Ол билей бастайтын, біз оны қайталаймыз. Кейін нені істеу керектігін, ал нені істемеген жөн екендігін айтатын. Ролан Пети музыкадан шабыт алатын нағыз кемеңгер еді. Алтынай Асылмұратова мен Константин Заклинский де онымен көптеген спектакльдерде биледі, сондықтан бүгінгі таңда өз тәжірибесі мен шеберлігін труппамен бөлісе алады.

– Ролан Пети спектакльді Квазимодо туралы хикая ретінде ойластырған және аталмыш партияны өзі үшін шығарған, мұны осы балеттегі ең күрделі партия деуге бола ма?

Луиджи Бонино: Ол техникалық жағынан емес, ішкі дүние, эмоционалдық тұрғыдан күрделі. Техникалық жағынан Феб пен Фроллоның партиясын орындау қиынырақ, себебі онда оңай емес вариациялар бар. Алайда барлық төрт кейіпкер – Фролло, Квазимодо, Эсмеральда және Феб те үнемі сахнада болады, әлбетте, мұның ар жағында үлкен физикалық күш, жүктеме жатыр.

– Әсіресе, костюмнің, бутафорияның бөлшегі болып табылмайтын өзінің бүкірлігін «билетіп жүрген» Квазимодо партиясын орындаушы үшін қиын шығар?

Луиджи Бонино: Иә, шынымен. Қойылымнан кейінгі келесі күні сіз иығыңыз бен қолыңызды қозғалта алмайсыз. Бұл өзіндік пластика және ұзақ уақыт мұндай жағдайда жүру қиын әрі денеңді ауыртады, себебі әртіс 2 сағат бойы иығы мен қолын осындай қалыпта ұстауына, оған қоса билеуіне тура келеді.

– Жуық арада қандай жоспарыңыз бар?

Луиджи Бонино: «Опера Бастилия» театрында «Париж Құдай анасының соборы» спектаклімен жұмыс істеу үшін Парижге кетуім керек болатын, ол сахнада сондай-ақ «Кармен», «Бозбала мен өлім» және «Рандеву» спектакльдерін ұсынуды жоспарлаған болатынбыз. Бірақ менің ол жақта болар-болмайтынымды біле алмай отырмыз, күн сайын бәрі өзгеруде…      

– Қазіргі сәтте әлемдегі театрлардың жұмыстары мен премьералық қойылымдарының ахуалы қандай?

Луиджи Бонино: Қазіргі күні Еуропада бәрі жабық, барлық қойылымдарды карантинге байланысты тоқтатуы себепті мен 9 ай жұмыс істемедім. Жапония, Қытай, Ресей, Англия, Францияға баруым керек болған, менің барлық келісім-шарттарымның күші жойылды. Театрларда қойылымдар жүріп жатқан жоқ. Италиядағы Ла Скала 20 минуттық кішігірім туындыны көрсетті, бірақ ол залдағы көрерменсіз, тек теледидардан көрсетуге арналған. Римде де осындай жағдай, олар да көрерменсіз бір қойылымды сахналады. Өте қиын, әсіресе балет әртістеріне қиындық соғуда, себебі біздің залда билеуіміз қажет, көрермен керек. Індет басталған кезде барлығы үйде дайындалды, өздерінің ас үйлерінде плие жасады, балет сыныптарын орындады. Бірақ әртістердің қазірдің өзінде еңселері түскен. Сіздерде көрермендермен қойылымдар өткізу мүмкін болғандықтан, жолдарыңыз болды. Көрермендердің саны шектеулі болса да, бұл әртістерге және барлық асқақ өнерді бағалаушыларға ынта береді.

Басқа материалдар

Back to top button