Жаңалық

Елордада «Театр сабағы» атты жаңа шығармашылық жоба басталады

30 қаңтарда «Астана Опера» Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, 9-шы сынып оқушылары үшін «Театр сабағы» атты жаңа шығармашылық жобаны іске асыра бастайды деп хабарлайды Ruh.kz порталы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Театр сабағы» жобасының мақсаты – өскелең ұрпақты эститикалық тұрғыдан тәрбиелеу.

«Біздің міндетіміз – болашақтағы көрермендерімізді, опера және балет өнерін сүйер қауымды мектеп жасынан бастап қалыптастыру. «Театр сабағын» тек жоғары сынып оқушылары, яғни бозбалалар мен бойжеткендер үшін өткізу туралы шешім қабылданды. Олардың кейбіреуі, әрине, театрда болған, алайда өнер ордасына келудің әрбір сәті – бұл әрдайым мейрам емес пе?! Театрда ешқашан болып көрмеген, жай ғана жанынан өтіп бара жатып, бұл қолжетімсіз деп ойлаған балалар да бар. Шын мәнінде, театрдың есігі балалар үшін де, ересектер үшін де айқара ашық. Опера және балет әртістері мен оркестр музыканттарының шеберлігі, сән-салтанаты жарасқан тамаша театрымыз баланы жаңа атмосфераға бөлеп, оған асқақ өнер әлемін ашады деп үміттенеміз», – дейді Мәдениет қайраткері, танымал музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Балалар үшін алғашқы театр қоңырауы 30 қаңтарда соғылады. Жас көрермендер назарына әлемдік хореография жауһары – Л.Минкустың «Баядерка» балеті қойылмақ. Сабақтың бағдарламасына сәйкес, алдымен оқушылар тәжірибелі музыкатанушылардан балеттің мазмұны, композиторы, хореографы, сол күні сахнада өнер көрсететін солистер туралы қызықты мәліметтерді біле алады.

«Балалар қойылымды жасаудың артында қандай еңбектің жатқанын көреді. Біз грим жасау бөлмелеріне бас сұғамыз, олар әртістерге қалай грим жасайтынын, қандай жасанды шаштардың болатынын көреді. Содан костюмерлік цехқа кіреміз, онда балалар балет пачкасын ұстап көріп, оның қаншалықты жеңіл екеніне көз жеткізе алады. Аяқ киім цехында оқушылар нағыз балет пуанталарын қолмен ұстап көре алады. Оларға бутафор және реквизит цехтарына барған да ұнайтындығы сөзсіз. Бұл жерде олар бутафорияның не екендігін және декорациялардың қалай жасалатынын білетін болады», – деп түйіндеді Маржан Жәкенова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button