Жаңалық

Қуғын-сүргін құрбандары толық ақталады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру мәселелері жөнінде кеңес өтті. 

Бейнеконференция форматында ұйымдастырылған кеңеске құқық қорғау органдарының басшылары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы жұмыс тобының мүшелері қатысты.

Кеңес барысында ғалымдар мен сарапшылардың архивтер мен жабық қорлардағы зерттеу жұмыстары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық офистің қызметін ұйымдастыру мәселесі қаралды.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен, үлес қосқан азаматтардың ерліктерін насихаттап, есте қалдыру. Мемлекет басшысының Жарлығымен құрбандар мен зардап шеккендердің барлығын заңды және толық ақтау сынды маңызды міндет қойылды. Сондықтан өңірлік комиссиялардың барлығы іздеу және зерттеу, талдамалы қызметтерді осы бағытта іске асыруы керек», – деді Қырымбек Елеуұлы.

Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» ҚР Президенті Жарлығында қойылған міндеттерді жан-жақты іске асыруды қамтамасыз ететін ұйымдастыру-техникалық және зерттеу іс-шаралары кешенін өткізу туралы бірқатар тапсырмалар берілді.

Басқа материалдар

Back to top button