Жаңалық

Олжабай және Жасыбай батырларға ескерткіш орнатылмақ

Өңірлік дереккөздерде ескерткіштің Баянауылда орнатылып, қоладан құйылатыны мәлімденді. 

Бұл туралы 2020 жылдың қорытындысы бойынша есеп берген аудан әкімі Қанат Кәрімов айтты.

«Биылға жоспарланған ең басты ауқымды жұмыстың бірі – демеушілер тарапынан Сәтбаев пен Баязитов көшелерінің қиылысында мәдени демалыс саябағын салу. Саябаққа бөлінген аумақ аудан орталығына кіреберісте орналасқан және ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай, бос жатқан сазды жер. Бұл жер жеке тұрғын үй мен ғимарат құрылысын салуға қолайсыз. Соған байланысты аудан орталығын көркейту, абаттандыру мақсатында саябақ салу жобасы қолға алынды. Жоба аудандық «Ақсақалдар алқасы», «Қоғамдық кеңес» мүшелерімен жан-жақты талқыланып, қолдауға ие болды», – деді Қанат Кәрімов.

Аудан әкімінің айтуынша, саябақтың аумағы 2,6 гектарды құрайды. 564 түп ағаш отырғызылып, 678 шаршы метр гүлзар егіліп, 2596 шаршы метр жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар төселеді. Балаларға арналған ойын алаңдары мен жастардың воркаут алаңы салынбақ. 108 дана саябақ шамы, жүзден астам орындық орнатылады.

«Саябақтың ортасында аттары аңызға айналған, жерімізді жаудан қорғап қалған батыр бабаларымыз – Олжабай және Жасыбай батырларға арналған еңселі ескерткіш орнатылады. Ескерткіш қоладан құйылады, тұғырымен қоса есептегенде жалпы биіктігі – 26,5 метр. Бұл саябақ аудан тұрғындары мен қонақтары үшін ең көрнекті орындардың бірі болмақ. Жоба аясында дәмхана, қоғамдық дәретхана салудың перспективасы қарастырылған. Демалушылар, отбасымен, достарымен, туған-туыстарымен келіп, таза ауамен тыныстап, рухани демалып қайтады», – дейді аудан әкімі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button