Жаңалық

Марфуға Бектемірованың «Таңдамалы шығармалары» жарық көрді

10 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Марфуға Бектемірованың «Таңдамалы шығармалар» кітабының тұсаукесері және жеке заттарының музей қорына тапсырылу рәсімі өтеді. 

Еліміздің дарынды перзенті Ақселеу Сейдімбек «Дегдар ақын» деп баға берген Марфуға Бектемірова қаламынан жыр төгілген ақын ғана емес, аудармашы, қарымды журналист, сазгер болған.

Марфуға Бектемірованың шығармалары қазақ әдебиетіне танымал «Жыр тәңірі», «Тың тынысы», «Көңіл әуендері», «Арман қанатында», «Қарлығаш» атты жыр жинақтарына енген.

Сонымен қатар «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» жыр жинақтарының авторы. Анна Ахматованы қазақша жырлатқан ақынның аудармалары «Жыр жауһары» сериясымен жарық көрді.

Ұзақ жылдар бойы еліміздің түрлі басылымдарында, радиода тілші қызметін атқарған ақын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде де осы саланың дамуына өзінің зор үлесін қосты.

Марфуға Бектемірова республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты,  Абайдың 150 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының жүлдегері атанып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталған.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрген жинақтың 1-томына туған өлкеміздің сұлу табиғатын, тәуелсіз елдің жетістіктері мен адамдары арасындағы достық, мөлдір махаббат тақырыбындағы жыр жолдары енгізілсе, 2-томына өмірдегі ақ пен қараның, жамандық пен жақсылықтың қарама-қайшылығы, жүрек тазалығы жайлы отты өлеңдеріне арналған.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақынның жары, жазушы Есенгелді Сүйінов Марфуға Бектемірованың есімін халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында жеке заттарын музей қорына табыстайды.

Іс-шараға белгілі әдебиет және өнер қайраткерлері,сондай-ақ автордың туыстары мен жақындары қатысады.

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button