Жаңалық

«Туған өлке» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ұстаз, ҚР Дизайн академиясының академигі, суретші Байғалиев Төлеуқазы Баяндыұлының «Туған өлке» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

Көрме мақсаты – танымал суретші Т.Б. Байғалиевтің туған өлке, ұлттық тарих пен мәдениет тақырыптарына арналған шығармаларын өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттау, таныту.

Төлеуғазы Байғалиев Шығыс Қазақстан облысының Шар қаласында 1963 жылы 20 тамызда дүниеге келген. 1985 жылы Н.К. Крупская атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының Көркемсурет және графика факультетін тәмамдаған.

Автор пейзаж, графика, тарихи жанрларда табиғатпен үндесе жұмыс істейтін санаулы суретшілердің бірі. Өнер иесі жыл бойы табиғат түстерінің өзгерісін адамның көңіл-күйімен үндестіре отырып, оны күнделікті кенеп бетіне түсіріп отырады. Сондықтан да автордың туындыларынан туған жерге деген ерекше сүйіспеншілігін, сағынышын көруге болады. Ол өзінің көптеген картиналарында туған жерінің тамаша табиғатын суреттеп, А. Құнанбаев, Ш. Құдайердіұлы, М. Әуезов сияқты даналардың шығармалары дүниеге келген өлкені бүкіл әлемге таныта білді.

Өнер иесі «Қазақстан Республикасының өнері» номинациясы бойынша «Жыл патриоты» байқауының лауреаты (2009) атанып, «Арт экспо Нью – Йорк-2011» халықаралық байқауында Нью-Йорк Бианалле Реалистік өнерінің алтын және күміс медальдарымен, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Жидебай-Бөрілі» медалімен, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының «Дизайнерлік өнердегі шығармашылық ерекшеліктері» үшін медалімен марапатталған.

Төлеуғазы Байғалиев суреттері Невзоровтар және Абай атындағы музейлерде (Семей), «Бахчисарай» мұражай-қорығында (Қырым) сақталған. Оның жұмыстарын Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Корея, Қытай және Украйна елдеріндегі жеке коллекциялардан табуға болады.

Экспозицияға суретші Т. Байғалиевтің 100-ге жуық кескіндемелік, графикалық туындылары ұсынылды.

Іс-шараға еліміздің белгілі мәдениет қайраткерлері, танымал  суретшілер және жалпы өнер сүйер қауым қатысты.

Басқа материалдар

Back to top button