Жаңалық

Теміртауда «Кеңес әскерін Ауғанстаннан шығару» тақырыбындағы көрме ашылды

Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында онлайн-режимде Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күніне арналған экспозиция ашылды. Биыл аталмыш оқиғаға 32 жыл толды деп хабарлайды Ruh.kz порталы Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Көрмедегі басты экспонат – 1969 жылғы үлгідегі КСРО-ның ыстық аймақтарында Кеңес Армиясы әскери қызметшілерінің киген панамасы.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, бұл бас киімді Ауған соғысы кезеңіне жатқызу қате. Ол 1979 жылдан 1989 жылға дейін Ауғанстандағы соғыс қимылдары кезінде танымал болғанына қарамастан, мұндай панамалар бұрыннан бері қолданылып келген.

«Кеңес Одағындағы әскери форма ұзақ уақыт бойы өзгерген жоқ және екінші дүниежүзілік соғыстың ескі үлгісіне сәйкес келді. Оның кемшіліктері Ауғанстандағы соғыста анықталды. Панамадан басқа барлық әскери формаларға шағымдар болды. Алайда, 80-ші жылдардың екінші жартысында бұл бас киім армия қалпақшасына ауыстырылды. Бірақ панама Кеңес әскерлерінің Ауған соғысына қатысуының символы болып қала берді. Жәдігерді бізге Теміртау әскери комиссариатының орынбасары Владимир Бодрягин тапсырды. Металлургтер қаласының 336 тұрғыны Ауғанстандағы ұрыстарға қатысқандығын еске салғым келеді. Олардың тоғызы үйіне оралған жоқ», – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Татьяна Хмелева.

Теміртау мұражайындағы көрме ақпанның соңына дейін жалғасады.

Айта кетейік, 10 жыл ішінде Ауғанстандағы қақтығыстарға 600 мыңнан астам кеңес азаматы қатысқан. Оның 22 мыңнан астамы – қазақстандықтар. Соғысқа Қарағанды облысынан, интернационалдық борышын өтеуге 2 мыңға жуық адам жіберілді. Соғыс қимылдары барысында 86 қарағандылық қаза тапты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button