Жаңалық

Балет жұлдыздары гала-концертке шақырады

«Астана Балет» театры Халықаралық әйелдер күніне орай, қазақстандық балет жұлдыздарының қатысуымен ғаламат гала-концерт өткізбекші деп хабарлайды Ruh.kz порталы өнер ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

6-7 наурызда көрермен қауым еліміздің үздік балет театрлары солисттерінің орындауында классикалық хореография жауһарларымен қатар, қазіргі заманғы өзекті эксперименттермен де таныса алады.

Кеште «Астана Балет» театрының сахнасында Фархад Бөриев, Қазбек Ахмедияров, Татьяна Тен, Айжан Мұқатова, Сүндет Сұлтанов, Бахтияр Адамжан, Жанел Төкеева, Мәлика Елшібаева, Рахым Дайыров өнер көрсетеді деп күтілуде.

«Гала-концерттің бағдарламасы, қатысатын әртістердің құрамы өте мұқият, ерекше ыждаһаттылықпен таңдалады. Бұл үздіксіз шғармашылық үрдіс болғандықтан, бағдарламаның мазмұнын, оған қатысатын әртістердің есімін соңғы сәтке дейін құпия ұстаймыз. Әрине, театрымыздың сахнасында еліміздегі балет өнерінің саңлақтары өнер көрсететіні біз үшін зор мақтаныш. Көрерменіміз үшін, бұл — дарынды жұлдыздарды көзбен көру мүмкіндігі ғана емес, сан-алуан спектакльдердің үзінділерін тамашалау бақыты, дер едім», – деп атап өтті, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Айта кетейік, аталған іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button