Жаңалық

Бішкекте Абайға ескерткіш қойылады

Қазақстан мен Қырғыз елінің билігі бірегей тарихи мұраларды дәріптеуге бар күш-жігерін жұмылдыратын болады деп хабарлайды Ruh.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров елімізде мемлекеттік сапармен болып қайтты.

Достық пен сенім сипатында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылады, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Іс-сапарының аясында, сондай-ақ, Қазақстан мен Қырғызстан президенттері журналистер үшін бірлескен баспасөз мәслихаты өткізілді.

Шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды.

«Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық», – деді Қазақстан Президенті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел жастарының арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаластық жасалды. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарында қырғыз жастарына бөлінетін білім квотасын 10  есеге көбейту жөнінде тапсырма бергенін, соның арқасында мұндай гранттардың  саны 50-ге жететінін, сондай-ақ, Бішкекте Қазақстанның беделді жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бастаманың қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, сенім және тату көршілікке құрылған қарым-қатынастарды қос тарап та одан әрі нығайта беруге бейілді екенін көрсетті деді.

«Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Бұл жұрттың бәріне белгілі. Мемлекет басшыларының міндеті – екіжақты қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналдыру. Бүгінгі келіссөздер аталған мақсатты шешуге арналды. Пікір алмасулар өте пайдалы әрі табысты болды. Біз екіжақты ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындадық, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясындағы іс-қимылдарды арттыру мәселесін талқыладық. Екі ел арасындағы ықпалдастық бойынша кез келген мәселені бауырлас халықтардың ежелден қалыптасқан мүдделерін ескере отырып, шұғыл шешуге келістік. Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоұлы Жапаровтың сапары табысты өтті деп айтуға толық негіз бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button