Жаңалық

Алаш арыстаны туралы қызықты деректер

Осыдан 155 жыл бұрын 5 наурызда Қазақ елі тарихындағы қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым Әлихан Бөкейханов дүниеге келген болатын. Ruh.kz порталы Ұлт көсемінің өмірінен қызықты деректерді ұсынады.

Әлихан Бөкейханов 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Ол қазақтың ақырғы ханының бірі Бөкейден тараған ұрпақтың төртінші буыны, Бөкей ханның шөпшегі.

1886 жылы ол Омбыға келіп, жергілікті 4 жылдық техникалық училищеге «пансионер» болып қабылданды.

Ол 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Осы жылдары ол барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе солшылдардың көзқарасына бейім болды. Ә.Бөкейханов Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне алынды. Әлихан бұл тізімнен патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қырқүйегінде «халық жауы» болып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ.

Әлихан Омбы қаласында Орыстың императорлық жағрафия қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің қызметіне қызу араласады. Алғашқы күндерінен-ақ белсенділігімен танылған Әлихан 1896 жылы қоғамның Батыс-Сібір бөлімінің толық мүшелігіне қабылданады да, ал 1901 жылы бөлімнің басқару комитетіне мүше болып сайланады. Сонымен қатар, ол жағрафия қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семейлік бөлімшесін ашуға және қызметіне тығыз араласып, «Запискилерде» ғылыми мақалаларын жиі жариялап отырды.

Алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтың өмiрiнде Семей қаласының алатын орны айрықша екенiнде ешқандай шүбә келтіре алмаймыз. Ә.Бөкейхановтың 1896-1903 жылдары Семей және Ақмола облыстары уездерiнде қазақ жер пайдалануын зерттеумен айналысқан Щербина экспедициясына қатысып, қазақ халқының әлеуметтiк-экономикалық өмiрiне, мәдениетi мен тарихына қатысты бiрқатар ғылыми құнды еңбектердi жазуы, ұлы ақынымыз Абайдың әдеби бай мұрасымен етене жақын таныс болуы, өзiнiң Омбы кезеңiнен жақсы бiлетiн досы, орыс ғалымы Иван Филиппович Гусевтiң айтуымен Шәкәрiм еңбектерiне баса көңiл бөлiп, кейiнде «Қазақ» газетiнде «Қалқаман-Мамыр» поэмасы туралы пiкiр бiлдiруi, тағы басқа оқиғалар оны үнемi шетте Омбы, Петербор қалаларында оқып, қызметте жүрсе де, Семей зиялыларымен барынша жақындастыра түседi.

Әсiресе, данышпан Абайдың өлiмiне байланысты алғаш баспасөз бетiнде суретiне қоса қазанама жазып жариялауы, сондай-ақ Абайдың ұлы Тұрағұл және немере iнiсi Кәкiтай Ысқақұлымен бiрге ұлы ақынның өлеңдерiн жинақтап, баспаға әзiрлеп жарыққа шығаруы, оның Семейдегi өмiрiнiң ең ұмытылмас жарқын сәттерi болды. Ұлы ақын мұрасына деген бұл сүйiспеншiлiктiң соңы Әлихан Бөкейханов пен Абай балалары, жалпы Құнанбай қажы ұрпақтары арасындағы үлкен сыйластыққа, достыққа келiп ұласқаны белгiлi.

1905-1907 жылдардағы бiрiншi орыс революциясының қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалыстың бел алып өрiстеуiне айтарлықтай ықпалын тигiзген аласапыран жылдар болды. Нәтижесiнде, 1905 жылы Семей губерниясына қарасты Қарқаралы қаласына таяу Қоянды жәрмеңкесiнде Алаш көсемi Ә.Бөкейхановтың басшылығымен тұңғыш қазақ съезi болып өттi. Онда патшалық Ресейдiң отарлық езгiсiне қарсы күштi наразылық бiлдiрген қазақ қоғамының бiрнеше баптардан тұратын басты саяси талап-тiлектерi айтылды. Ал, «Қарқаралы петициясы» деп аталатын бұл саяси құжаттың авторлары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақпаев сынды ұлт зиялылары болды. Осы орайда, «Қарқаралы петициясына» қатысы бар» деген күдiкпен Ә.Бөкейханов алғашқыда Кереку, одан кейiн Омбы түрмелерiне қамалған едi. Алайда, ол 1906 жылы патшалық Ресейдегi I Мемлекеттiк Думаға сайлау науқаны кезiнде Семей облысы қазақтары атынан депутат болып ұсынылады. Сөйтiп, депутаттық мандатқа ие болған Ә.Бөкейханов түрмеден босатылып, Семейде өз сайлаушыларымен кездесу жиынын өткiзедi.

1917 жылы желтоқсан айының 5-13-ы күндерi Орынборда өткен екiншi жалпықазақ съезiнде Алашорда үкiметi құрылғаны жарияланып, ал Алашорданың уақытша тұратын орны Семей қаласы болып белгiлендi.

Осы жылдары Семейде Алашорда үкiметiнiң ақ туын көтерген Әлихан, Ахмет, Мiржақып бастаған Мұхаметжан Тынышпаев, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Жүсiпбек Аймауытов, Тұрағұл Абайұлы, Ахметжан Қозыбағаров, Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Мұхтар Әуезов, Әбiкей және Қаныш Сәтпаевтар, Ыдырыс Мұстамбаев тәрiздi тағы басқа ұлт зиялылары жан аямай қызмет еттi.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы «Қазақстан және Мәскеудегі лаңкестік орталықтарының жетекшілерімен бірлесіп, Кеңес үкіметіне карсы көтерілісті басқарды деген жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов елінен тыс жерде – Мәскеуде өлім жазасына кесілсін деген үкім шығарды.

Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеді. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды. Сөйтіп, жаңа үкімет Алты Алаштың көсемі Ә.Бөкейхановты өлім жазасына кесе отырып, қазақ халқының ұлттық, ұлт-азаттық қозғалысының күре тамырын шауып тұншықтырмақ болды, қазақтың ұлттық намысын, сана-сезімін аяққа таптамақ ниетін танытты.

Ә. Бөкейханов 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 жылы қайта отырыс өтіп, Бөкейханов тағы да ақталады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button