Жаңалық

Юрий Аравин «Отан» орденімен марапатталды

Белгілі музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Юрий Аравинді «Отан» орденімен наградтау туралы Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды деп хабарлайды Ruh.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

«Ұлттық мәдениетті және музыка өнерін насихаттау мен дамытуға қосқан ерекше еңбегі үшін музыкатанушы Юрий Петрович Аравин «Отан» орденімен наградталсын», – делінген Президенттің Жарлығында.

Юрий Аравин 1941 жылы 2 сәуірде Ресейдің Тверь қаласында дүниеге келген. Әкесі – Аравин Петр Васильевич – кеңестік музыка тарихшысы.

1968 жылы Новосібір консерваториясының тарихи-теория факультетін, 1972 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірді.

Юрий Аравин ұзақ жылдар бойы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында, сондай-ақ Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда музыка тарихы мен теориясы пәнінен сабақ берді.

Ол –  «Музей звуков», «Малая антология казахской музыки» сияқты теледидар бағдарламасы мен «Тотем» радиосындағы «Степное созвездие» секілді авторлық циклдың авторы.

Юрий Аравин “Лирическая поэма памяти Абая”, “К вопросу о тематизме симфонических поэм Казахстана”, “Три поэмы о народных героях”, “Поэма Тулебаева “Казахстан”, “У истоков современного уйгурского симфонизма”, “К истории песенного симфонизма”, “Степные созвездия” сияқты шығармаларды жарыққа шығарған.

Ол, сондай-ақ, Қазақстан композиторлар одағы мен Қазақстан музыкалық қызметкерлер одағының мүшесі.

Айта кетейік, «Отан» орденімен экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті; мемлекеттік, құқық қорғау және әскери қызметтегі, демократия мен әлеуметтік прогресті дамытуға үлес қосқан азаматтар марапатталады.

Басқа материалдар

Back to top button