Жаңалық

100 мыңнан астам адам Сауран ауданының тұрғыны атанды

Түркістан облысында жаңадан құрылған Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында  салтанатты шара өтті деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті тұрғындармен кездесіп, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тарихы бастау алған игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты.

«Баршаңызды Сауран ауданының құрылуымен құттықтаймын! Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Сауран ауданын құру туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан Ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға деп білемін»,- деді облыс әкімі.

Жаңа Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады.

Облыс әкімі өз сөзінде жаңа ауданның даму жоспары жайлы да бөлісті. Жаңа ауданды құру арқылы аудан құрамына енетін елді мекендердегі мемлекеттік қызметтерді алу сапасын көтеруге жол ашылады. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдылық беріледі. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынады.

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, Мемлекет басшысының ауданды құру туралы Жарлығын орындау мақсатында әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылады. Тиісінше, мәслихат келісімімен, аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітіледі. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды.

Өмірзаақ Шөкеев атап өткендей, алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, жаңадан құрылатын аудан халқының саны 100 мыңнан асады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button