Жаңалық

Наурыз мейрамына арналған республикалық көрме ашылды

Көрмелер сәуір айына дейін жалғаспақ. 

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде Наурыз мейрамына арналған республикалық көрме ашылды. Онда еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын суретшілердің туындыларын тамашалауға болады.

Наурыз мерекесіне арналып ұйымдастырылған «Гүлдене бер менің Қазақстаным» атты көрмеге әр өңірдегі суретшілердің 200-дей картинасы қойылған. Ел назарына барлығы 100-ге жуық автордың жұмысы ұсынылыпты. Қылқалам шеберлерінің басым бөлігі заманауи құбылыстарды ұлттық колоритпен сабақтастыра білген.

«Көрменің ауқымы жан-жақты. Оның ішінде кескіндеме, графика, мүсіндеу сияқты жанрлар бар. Суретшілердің жастары да әртүрлі. Картиналар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Павлодар және басқа да қалалардан жеткізілген. Арасында халықаралық өнер симпозиумдарына барып келген авторлардың туындылары бар», – деді Ә.Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің жетекші ғылыми қызметкері Әмір Жадайбаев.

Сонымен қатар музейге келушілер белгілі график-суретші Батухан Байменнің «NOMADS» атты көрмесін тамашалай алады. Авторлық көрме ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылыпты. Суретші бейнелеу өнердегі жаңа тенденцияларды қолдана отырып қазақтың көшпенді дәуіріне, философиясы мен мифологиясына күрделі композициялар ойлап тапқан. Мұнда 77 графикалық жұмыс қойылған.

Мәселен автордың мына бірнеше метрге созылып жатқан «Алаңсыз күндер» атты туындысы леногравюра техникасы арқылы жасалған. Яғни сурет матаға ойылып салынады. Ал мына жағдайда бейне матаға емес кәдімгі линолеум материалына бейнеленген.

Мәдениет нысаны барлық санитария талаптарын сақтай отырып қызмет жасап жатыр.

«Көрме карантин талаптарына байланысты сағат 10:00-17:00 дейінгі аралықта музей ашық. Дүйсенбі күнінен басқа күндердің барлығында ашық. Карантин болғандықтан маскамен он-оннан кіргізуге тырысамыз», – деді Ә.Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің арт-менеджері Ақбота Әлімхожина.

Алыстан ат арылтып әкелінген картиналар шара аяқталған соң қайтарылады. Ал көрмелер сәуір айына дейін жалғаспақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button