Жаңалық

«Астана Балет» театрында нені тамашалай аласыз?

«Астана Балет» театры сәуір айындағы афишаға сюжеті мен қойылымы жағынан көңіл қошыңызды жадыратып, жүрегіңізді баурап әкетер спектакльдерді іріктеп қойды.

Көрермен назарына үш толықформатты әрі ауқымды қойылым: «Бейбарыс сұлтан», «Жизель» және «Махаббат туралы аңыз» ұсынылады. Бұл іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіледі.

«Бейбарыс сұлтан». 3-4 сәуір. Спектакльдің өтетін уақыты, сағат 18:00.

Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» қойылымында – Мысыр мен Сирияның сұлтаны, зерттеушілердің басым бөлігі қыпшақ даласының тумасы санайтын Бейбарыстың өмір жолы суреттеледі. Кішкентай кезінде ауылын жау шауып, кішкентай ұлды қолды етіп, құл базарында саудаға салады. Одан кейін ол мәмлүк әскерінің қатарына алынып, күндіз-түні жекпе-жек өнерін меңгереді. Бойындағы қасиетінің арқасында, ол сұлтанның жақын серігіне айналып, кейін – Мәмлүк сұлтанатын басқарады.

«Жизель». 9-10 сәуір. Спектакльдің басталуы: 9-сәуір, сағат 19:30, 10-сәуір, сағат 18:00.

Рикардо Амаранте қойған «Жизель» балетінде байырғы таңғажайып сюжет жаңа қырынан ашылады. Бойжеткен шаруа қызы Жизель біреуге жан-тәнімен ғашық болып, ақыры оның опасыздығына нала болып, көз жұмады. Граф Альберттің өтірігін кешіре алмаған қыз бала қайтыс болған соң, вилиске айналыпты. Оқиға осыдан басталады.

«Махаббат туралы аңыз». 16-17 сәуір. Спектакльдің басталуы: 16-сәуір, сағат 19:30, 17-сәуір, сағат 18:00.

«Махаббат туралы аңыз» – кеңес дәуірінің әйгілі балеті, XX ғасыр классикасы. Мұнда төрт ғаламат компонент бір арнаға тоғысып, балет туындысын бұрын-соңды болмаған биікке көтереді. Қойылым хореографы – аты аңызға айналған Юрий Григорович, либретто негізіне драматург Назым Хикметтің фәлсафалық пьесасы алынған.

Естеріңізге сала кетейік, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 18-наурыздан бастап, көрермен аудиториясы зал көлемінің 20% дейін азаяды. Барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізіледі, яғни, бетперде киіп, қолыңызды арнайы сұйықтықпен жуып, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button