Жаңалық

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – өзіңді танытудың зор мүмкіндігі

Үлгі болар жанды көрсеңіз, өзіңізді жақсы жаққа қарай өзгерту оңай. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары – еліктеуге тұрарлық жандар.

Жоба Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы жүзеге асырыла бастаған болатын. Елбасының пікірінше, жастардың тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуі үшін олардың өз мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдалану маңызды.

«Бәрі де адам мен оның ерік-жігеріне байланысты. Біз армандай білуге және көздеген мақсатымызға жету үшін әрекет етуге тиіспіз. Бұл байқауға қатысушылар – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сіздер өз еңбектеріңіздің нәтижелері арқылы бұл өмірде бәріне де қол жеткізуге болатынын көрсеттіңіздер», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Биыл жоба жалғасын тауып, жуырда IV маусым жеңімпаздарының есімдері белгілі болмақ.

«Қазақстанның 100 жаңа  есімі» жобасының биылғы маусымының ерекшелігі неде? Ең алдымен, ол ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Жоба жеңімпаздарының жетістіктері республика табыстылығының айғағы болса керек. Қатысушылардың көбі Қазақстанның дамуына өзінің зор үлесін қосқандықтан, әр сауалнамадан жас мемлекетіміздің жарқын тарихын көруге болады.

Ruh.kz порталының шығарушы редакторы Сұлтан Мұстафин жаңа маусымда жобаның жеңімпазы атануға лайық үміткерлер санының көп екендігін алға тартады.

«Пандемия адамдардың өмірге деген көзқарасын, құндылықтарын өзгертпей қоймады. Енді олар эмпатия, жанашырлық, бауырмалдық сияқты қасиеттерді бәрінен жоғары бағалайды. Негізінен қазақстандықтар коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда жұмыс істейтін отандастарымыздың қайсарлығына тәнті. Ол кезде ең жоғары адамгершілік қасиеттер танытылды десек, артық айтпаймыз»,  – дейді Сұлтан Мұстафин.

Жобаға өтінімдерді қабылдау 22 ақпан мен 22 наурыз аралығында жүргізілді. Биыл жобаға қатысуға ниет білдірген үміткерлер саны рекордтық көрсеткішке жеткендігін де атап өткен жөн. Бір ай ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 2790 өтінім келіп түсіпті. Қатысушылар негізінен мәдениет және спорт, білім және қоғам сияқты санаттарда жеңістен үмітті.

Осы жылы сауалнамалар «Мәдениет және спорт», «Қоғам», «Білім», «Медицина», «Бизнес», «Инновациялар» және «Экология» санаттары бойынша қабылданды. Соңғысы – биылғы маусымның тағы да бір жаңашылдығы. Ал өңірлер арасында өтінімдер саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Маңғыстау және Ақмола облыстары алдыңғы қатарда.

«Биылғы маусым үміткерлерінің көбі жеңімпаз болуға лайық. Қатысушылар жобаның өзін танытуға мүмкіндік беретін жақсы алаң екендігін түсінеді. Жобаның мәні өз еңбегімен және білімімен белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген адамдардың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының финалистеріне айналуында. Шетелдік фильмдердің «ерекше қабілеттерге ие кейіпкерлері» емес, нақты адамдар жас ұрпаққа үлгі бола алады. Бізде әр түрлі қызмет салаларында ықыласқа лайық азаматтардың барын көрсету маңызды», – деді Сұлтан Мұстафин.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button