Жаңалық

Педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы алғаш рет табысталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен  20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын алғаш рет  табыс етіп, оларға алғысын білдірді.

«Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін», – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ведомство басшысы соңғы жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жалақының өсуі, есептілік пен педагогикалық жүктеменің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптардың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы да айтылды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.

Басқа материалдар

Back to top button