Жаңалық

Мәжілісте «Жас қазақстандықтың портреті» таныстырылды

таныстырылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті мәселелер мен даму перспективасы» атты дөңгелек үстелде қазіргі жас қазақстандықтардың бейнесіне сипаттама берілді деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев жиын барысында орталықтың рөлі мен зерттеулер нәтижесінде анықталған жастар саясаты саласындағы проблемалар туралы егжей-тегжейлі айтып, «Қазақстан жастары – 2020» ұлттық баяндамасында алғаш рет келтірілген «Жас қазақстандықтың портретіне» сипаттама берілді.

«Жас қазақстандықтың портреті» әртүрлі сала бойынша жастардың талғамы мен мүддесі сияқты біршама терең құбылыстарды қамтиды. Бұл талдамалық портретте жастар өмірінің басты үрдістері негізге алынған. Мәселен, 2020 жылғы әлеуметтанулық зерттеу нәтижесі 2017-2020 жылдар аралығында жастар арасындағы негізгі құндылықтардың өзгермегендігін көрсетіп отыр. Құндылықтардың ішінде «Отбасы», «Денсаулық» және «Достық» алдыңғы қатарда. Оған қоса, жастардың 72,1% үшін құндылықтарының қалыптасуында отбасының негізгі институт екені анықталды.

Сонымен қатар, жастардың 50,7% жылына бір рет профилактикалық тексеруден өтсе, 65% жүйелі түрде спортпен шұғылданады, 21,4% миграцияға дайын болса, 8,8% ғылыми қызметпен айналысады. «Жас қазақстандықтың портреті» осы және демография, денсаулық пен бос уақыт, білім мен ғылым, әлеуметтік-экономикалық жағдай, құндылық бағдар, саяси процеске қатысу, қылмыс және жастар саясаты сияқты өзге де көрсеткіштерден құралған.

Онлайн форматта өткен дөңгелек үстелге мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен сарапшылар қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button