Жаңалық

Батыс Қазақстан облысындағы мектептерге ұлы тұлғалардың есімдері берілді

Жақында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысындағы кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және атауларын өзгерту туралы Үкімет қаулысына қол қойды деп хабаарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы қол қойған жаңа қаулыға сәйкес, Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты бұдан былай Абай есімімен аталатын болды.

Атауы жаңарған білім ордаларының арасында Бәйтерек ауданындағы 9 ауылдық мектеп те бар. Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан бұл ауданда елдімекен, мекеме-ұйымдар атаулары тәуелсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні бұрын да айтылған. Үкімет қаулысынан кейін Дариян мектеп-гимназия-интернаты – «Абай атындағы мектеп-гимназия-интернаты», Трекин орта қазақ мектебі – Қадыр Мырза Әлі атындағы, Первосоветск орта мектебі – Шоқан Уәлиханов атындағы, Щапов орта мектебі – Бауыржан Момышұлы атындағы, Батурин орта мектебі – Талғат Бигелдинов атындағы, Новенький орта мектебі – Қасым Қайсенов атындағы, Ульянов орта мектебі – Ілияс Есенберлин атындағы орта мектеп деп аталатын болды.

Осы қаулыда Шыңғырлау ауданындағы Белогор негізгі мектебі – Ақтау ауылының негізгі білім беретін орта мектебі, Полтава негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасы – Ардақ ауылының негізгі білім беретін орта мектеп-балабақшасы болып өзгертілгені де айтылған.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі білім ордаларына ұлы тұлғалардың есімін беру жұмыстары болашақта да жалғасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button