Жаңалық

Сенат төрағасы: Ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында оқу бағдарламасын жаңаша жасақтау қажет

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен де үйренгені жөн деп есептейді. Сол себепті, оның пікірінше, қазір ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында оқу бағдарламасын жаңаша жасақтау міндеті тұр деп хабарлайды Ruh.kz порталы  Сенат төрағасының Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ерекше аталып өткен ғұламаның «Толық адам» тұжырымдамасына да тоқталып өтті.

«Ұлттық құндылықтарды дәріптеу қашанда өзекті. Әсіресе, қазіргідей жаһандану дәуірінде оның маңызы зор. Бүгін Сенатта осы тақырыпта парламенттік тыңдау өткізіп, аталған мәселені жан-жақты талқыладық.

Жалпы, ұлттық құндылықтардың ауқымы кең. Оның тәуелсіздік, жер, тіл, мәдениет, салт-дәстүр сияқты басымдықтардың бәрін қамтитыны белгілі. Сондай-ақ, бұл тұрғыда адами құндылықтардың да мәні ерекше. Осы ретте Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында назар аударған ұлы ойшылдың «Толық адам» тұжырымдамасын айрықша атап өтуге болады.

Абайдың «Толық адамына» нұрлы ақыл, жылы жүрек және ыстық қайрат тән. Нұрлы ақылға сәйкес біз қоғамда білім культін қалыптастыруымыз керек. Әсіресе, өмір бойы білім алу дағдысын негізгі қағидатқа айналдырған жөн. Жылы жүректен бастау алатын өзара сенім, жанашырлық пен жауапкершілік секілді құндылықтарды да кеңінен дәріптеген абзал. Ыстық қайратқа жататын талап пен еңбекқорлық та жаңа заманда ұлттық ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналуы қажет», – деп жазды Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында мектептердегі оқу бағдарламасын жаңаша жасақтаудағы ел интеллигенциясының рөлін де тілге тиек етіп, алдағы уақытта зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруға мән берілетіндігн мәлімдеді.

«Ұлттық құндылықтарды дәріптеуде білім беру саласына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені біздің ұлттық танымда білім әрдайым тәрбиемен қатар жүрген. Сондықтан бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен де үйренгені жөн. Білім мекемелері адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруге тиіс. Сол себепті, оқу бағдарламасын осы бағытта жаңаша жасақтау мәселесін қараған жөн болар еді.

Бұл істе интеллигенцияның да рөлі зор. Зиялы азаматтарымыз қашанда қоғам үшін бағдар болып келеді. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте, елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруға мән берген дұрыс деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуға тиіс.

Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Тіпті, ұлттық құндылықтарды дәріптемей толыққанды даму мүмкін емес деуге болады.

Сондықтан бүгін айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрі Сенаттың алдағы жұмысында ескеріледі. Тыңдау қорытындысы бойынша арнайы Ұсынымдар дайындалып, Үкіметке және тиісті министрліктерге жіберіледі. Оның іске асырылуы сенаторлардың бақылауында болады», – деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button