Жаңалық

«Қайырымды істер марафоны»: Қордайдағы ерекше балаларға арналған әлеуметтік жобалар

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Қайырымды істер марафоны» бастамасы аясында Жамбыл облысының Қордай ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары, сондай-ақ ерекше балаларға арналған инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Жоба «Дара» қоры «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен іске асырылды деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қордай ауданында ерекше білім берілуіне мұқтаж 910 бала тұрады, оның 403-і –мүмкіндігі шектеулі балалар. Олар үшін Қордай ауылында ресурстық орталық толыққанды жұмыс істейтін болады; ал Масанчы, Сартөбе ауылдарында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары жұмыс істейді. Бұдан басқа, Қордай түзету кабинетіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, керекті жарақтармен толық жабдықталды.

«Аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін дамытудың бұл жобасы ауылдық жерлерде тұратын ерекше білім берілуіне мұқтаж балаларға көрсетілетін қызметтер спектрін ілгерілету мен кеңейтуге үлгі бола алады», – деп атап өтті «ДАРА» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова.

Қордай ресурстық орталығы ерекше білім берілуіне мұқтаж балаларды жалпы білім беретін мектептерге толық және тиімді түрде бейімдеу үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Орталық жетілуі бұзылған балалардың педагогтеріне, ата-аналарына ғылыми-әдістемелік қызметтер кешенін де көрсетеді. Сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде кез келген ерекше бала мен оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық ырғақ педагогы сияқты мамандар тобының кешенді білікті көмегін ала алады.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын ұйымдастыруды ұсынған болатын. Марафонды ҮЕҰ, бизнес, оқу орындары, мемлекеттік органдар өкілдері белсенді түрде қолдап, атсалысуда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button