Жаңалық

«Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының активіне Абай медалі табысталды

«Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының активі халықаралық мәдени байланыстарды дамытуға және Абай мұрасын танымал етуге қосқан жеке зор үлестері үшін Абай медалімен марапатталды деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Загребтегі Елшілігінде Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің «Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының және «Севдах» Босниялық мәдени қоғамының активтерімен кездесуі өтті. Іс-шараға Түркияның Юнус Эмре институтының, дипломатиялық корпустың өкілдері, жергілікті қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі Төлежан Барлыбаев Достық қоғамының Хорватияда ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани және мәдени мұрасын ілгерілетуге қосқан қомақты үлесін атап өтті. Атап айтқанда, 2020 жылы қоғамның қолдауымен опера сахнасының солистері мен қазақ халық музыкасы шеберлерінің концерттері ұйымдастырылды, Абайдың хорват тіліндегі таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді, «Құнанбай» кинофильмінің премьерасы, фотокөрме және басқа да іс-шаралар өтті.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы халықаралық мәдени байланыстарды дамытуға және Абай мұрасын танымал етуге қосқан жеке зор үлестері үшін Хорватияның экс-президенті Степан Месичке, «Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының төрағасы Андрий Карафилиповичке және «Севдах» босниялық қоғамының басшысы Ферид Диздаревичке халықаралық құрметті награда – Абай медалін, сондай-ақ ақынының 175 жылдығына орай ТҮРКСОЙ шығарған көркем альбомдарын табыс етті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button