Жаңалық

«Балалық шақ» аллеясы ашылды

Шымкентте «НұрОтан» партиясының қолдауымен, «Mobil Plus Көмек» қайырымдылық қорының бастамасымен «Балалық шақ» аллеясы ашылды.

Демалыс орнында тал көшеттері егіліп, оларға ағаштарды отырғызған балалардың есімі берілді. 50 айлант көшетінің күтімін оны еккен Шымкенттің кішкентай тұрғындарынан бөлек Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкрелері өз мойындарына алды.

Балалар аллеясы «Нұрсәт» шағынауданындағы Шаяхметов көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысынан бастау алады. Қаладағы дендрологиялық саябағынан жеткізілген көшеттерді отырғызу шарасына Ахаевтар отбасы да атсалысты. Саматтың есімі берілген тал баламмен бірге жетіледі деп үміттенеді Алима Ахаева.

«Бізді керемет балалық шақ акциясына шақырған «Mobil Plus Көмек»  қайырымдылық қорына алғысым шексіз. Балам өз еркімен жүре алмайды. Сал ауруына шалдыққан. Шақырту бізді қатты қуантты. Көпшілік жерге  көп бара бермейміз.  Көшетті қасиетті Рамазан айында отырғыздық, біздің тілеуіміз орындалып, балам сауығып, ағаш жайқалып өссін деп тілеймін», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Алима Ахаева.

Бұл шараның Шымкенттің кішкентай тұрғындарына ұнағаны соншалық , өздері отырғызған ағаштарды суғарып та үлгерді. «Балалық шақ» аллеясын ашу «Mobil Plus Көмек» қайырымдылық қорының алғашқы бастамасы.

«Біздің қор қайырымдылықпен айналысады. Көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына қолдау көрсетіп жүргенімізге де біршама уақыт болды. Балалардың армандары орындалсын. Аман болсын», – деді «Mobil Plus Көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Наргиза Керімбаева.

Шара ел президентінің жасыл желек егу «Таза табиғат» жалпы ұлттық жобасы аясында өтуде.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button