Жаңалық

«Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы» атты конференция өтті

Алматыдағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы: өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараға Түркия, Ресей, Канада, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінін ғалымдары қатысты.

Халықаралық ғалымдар бас қосқан ғылыми жиында білім, ғылым және өндірістің интеграциясын талқыланды. Микробиология жетістіктері, еліміздегі жеміс-көкөніс шаруашылығы саласының жай-күйі және өзге де өзекті тақырыптар қамтылды.

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директоры Аманкелді Саданов бүгінгі тәжірибедегі микробиологияның жетістіктеріне баяндама жасады.

«Республикада алғаш рет ауыл шаруашылығына, қоршаған ортаны қорғауға, медицина мен ветеринарияға арналған 8 атаудағы жаңа отандық биопрепараттардың технологиялары әзірленді және өндірісі ұйымдастырылды, олардың іске асырылуы жыл сайын 40-50 тоннаны құрайды», – деді Аманкелді Саданов.

Республикада мұнай өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуда, өндіріс орындарындағы қоршаған ортаның ластану проблемасы өте өткір. Осыған байланысты тез және білікті шешімді, оның ішінде биологиялық әдістерді қажет ететін осы қосылыстарды белсенді түрде ыдырататын биологиялық өнімдерді жасау маңызды міндет екендігіне тоқталған Аманкелді Саданов Орталық қызметкерлері топырақты, су айдындарын және өнеркәсіптік сарқынды суларды мұнайдан ластанудан микробиологиялық тазартуға арналған «Бакойл-KZ» сериясының тиімділігі жоғары бактериялық препаратын жасағанын айтты.

Сонымен қатар, халықаралық ғалымдардың басын қосқан бұл ғылыми шарада тамақ өнімдерін қайта өңдеу және тамақ қауіпсіздігі туралы сөз қозғалды.

Халықаралық конференция барысында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сарсенбекова Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикадағы инновациялық өзгерістерді жандандыру жөніндегі саясаты Қазақстанның жоғары мектебінің алдына элиталы кадрлар даярлау міндетін қойғанын, дәл осындай инженер-мамандарды даярлауға Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің барлық қызметі бағытталғанын атап өтті.

«2020 жылы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің даму бағдарламасы, яғни іргелі білім берудің рөлін күшейту, «ғылым арқылы оқыту» қағидатын іске асыру, білім беру ақпараттық технологияларын енгізу, оқу үдерісі барысында «жұмсақ дағдыларды» (soft skills) қалыптастыру арқылы нарыққа бейімделген инновациялық мамандарды даярлауды көздейтін, ЖОО-ны кәсіпкерлік үлгідегі университетке трансформациялау бағдарламасы қабылданды», – деп атады Гүлнәр Сәрсенбекова.

Бұл ғылыми жиын жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту, оларды қазіргі ғылымның өзекті мәселелерін шешуге тарту, болашақта олардың өз жобаларын таныстыруына, өз таланттарын тиісті аудиторияға жеткізуіне мүмкіндік беру, бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін сақтау және дамыту, болашақ әріптестер арасында байланыс орнатуды мақсат етеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button