Жаңалық

Алматының мәдени әрі тарихи орындары қайта түрленбек

Шаһардың барлық аумағына бірдей көңіл бөлініп, тарихи кейпін сақтауға бар жағдай жасалмақ.

Шаһарда ондаған жылдан бері жөндеу көрмеген мәдени әрі тарихи орындар қайта түрленбек. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Әуезов театры мен Қастеев мұражай маңын, Мүсірепов бульварын түрлендіруге тапсырма берген.

Мәселен, Әбілхан Қастеев музейіндегі субұрқақ өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері жөнделмеген. Мұхтар Әуезов атындағы театрдың маңы да жұпыны күйге түскен. Жүргіншілер жолы мен орындықтар ескіріп, субұрқақ та істен шыққан. Жаңарту жұмыстарын жүргізгенде бұл нысандардың түпкі архитектуралық ойы мен тарихи кейпін сақтауға ерекше мән беріледі.

«Бала кезімізде осы жердің субұрқағында ойнайтын едік. Қанша жылдан бері жаңармай,тарихи мекеннің ескірген күйін көріп іштей қынжылатынмын. Енді бұл жердің қайта жасалатынын естіп қуанып қалдық. Әдемі жарық шамдар, ыңғайлы әрі сапалы орындықтар орнатылса дейміз. Жерге төселген тастар да тегістелсе, арбамен жүретін адамдарға, балалы аналарға ыңғайлы болар еді», – дейді «Я – алматинец» қоғамдық бірлестігінің тең басшысы Саида Тәукелова.

Жалпы қалада өзен арналары мен саябақтарды, қоғамдық орындарды абаттандыруға, тұрғындар үшін неғұрлым жайлы болуына көп күш салынып жатыр. Мегаполис басшысының тапсырмасымен өзендердегі су деңгейін өлшеу үшін сандық механизмдер қолданылады. Яғни автоматтандырылған қондырғылар арқылы жедел ақпарат алып, селдің алдын алуға болады. Одан бөлек жүргіншілер жолы баспалдақсыз конструкциялармен құрылады. Бұл, әсіресе, арбамен жүретін аналарға ыңғайлы болмақ.

«Халық бір саябақтан екінші саябаққа ешқандай кедергісіз жүре алуы керек деген мақсат қойылған. Мұның бәрі елдің игілігі үшін атқарылып жатқан шаруалар. Мәселен былтыр 11 көше мен 3 су қорғау белдеуі жөнделсе, биыл 17 көшенің жүргіншілер жолы мен 4 өзен аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Қаланың ортасы ғана емес Түрксіб, Жетісу, Медеу, Алатау сияқты шеткі аудандар да назарға алынған», – деді «Алматыбасжоспар» ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Айнұр Сарыбаева.

Сонымен қатар, Тереңқұр өзенінің арнасы тазарып, маңы абаттандырылған. Енді балалар алаңдары, урналар, орындықтар мен су ішуге болатын су бұрқақтар орнатылады. Тәттімбет көшесінен Тереңқұрға әкелетін жүргіншілер көпірі салынбақ. Аймақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.

«Үлкен ағаштардан 30 дана, бұталардан 2700 ағаш және көпжылдық гүлдерден 150 шаршы метр отырғызылды. Есентай өзенінің жағасында да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, бұталар 3200 дана болса, үлкен ағаштардан, қылқанжапырақты ағаштардан 260 данадан отырғызыла бастады», – деді «Гринленд» ЖШС директоры Гүлзада Қалдыбаева.

Тұрғындар үшін жасалатын жұмыстардың сапалы әрі мерзімді атқарылуы мердігер компанияға да тікелей байланысты. Осы ретте қала әкімі олардың адал болуына ерекше мән берді. Жұмысына немқұрайлы қарайтын компаниялар қара тізімге еніп, линцензиядан айырылады.

«Мердігер компаниялар әрине олар кепілдемелік мерзімі өтпеген жағдайда, өз қаражаты есебінен кемшіліктерінің барлығын орнына келтіреді. Медеу ауданы бойынша барлық компаниялардың жұмыстары қадағаланып отыр», – деді Медеу аудандық жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Әшен Ниязбеков.

Қаланы қайта түрлендіруде халыққа барынша ыңғайлы, сапалы әрі экологиялық конструкциялар қолданылмақ. Шаһардың барлық аумағына бірдей көңіл бөлініп, тарихи кейпін сақтауға бар жағдай жасалады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button