Жаңалық

Асыл мұра – шежіре

Диана Нуранованың қолөнерге деген ықыласы жастайынан ерек. Бала күтімі бойынша демалыста жүрсе де, уақытын босқа өткізбеуді жөн көрген келіншек өзінің шағын кәсібін бастайды, түрлі киім-кешектерді, жабдықтарды тігеді. Диана әсіресе, ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасауды, кестелеуді ұнатады екен. Осындай кәсіппен бірнеше жыл қатарынан айналысқан бойжеткеннің шежіре дайындау ісіне келуі өте қызық.

«Осыдан жарты жыл бұрын жұбайымның әкесі, атам менен өзі үшін шежірені жазып, басып беруімді сұрады. Қолөнерге жақын болғандықтан, атама ерекше сыйлық жасағым келді. Ал шежіре үйдің төрінен орын алатындықтан оны қағаздан емес, өзгеше бір дүниеден әзірлеу керек деп ойладым. Шежіренің үйдегі жиҺазбен үйлесім тауып, әдемі болуы да шарт. Қысқасы, бұл сыйлықты дайындауға бар шығармашылығымды салдым десе де болады. Бірақ шежірені неден жасасам деген ой мені көп толғандырды. Мысалы, былғарыдан жасау ұзақ уақытты талап етеді.

Сол кезде сыйлығымды ағаштан жасауды жөн көріп, ағашты өңдеумен, әрлеумен айналысатын әріптесіме келдім. Қуаныштың ағашты өңдеуге арналған заманауи жабдығының бар екендігі есіме түсті. Осыдан кейін оған бірлесіп, шежіре жасаумен айналысуды ұсындым. Осылайша бір-бірімізді қолдап, бір аптаның ішінде ісімізді бастап кеттік, тез арада шеберхана да табылды. Ашылғанымызға бір ай болған кезде, яғни осы жылдың қаңтар айында тапсырыстарды күн сайын қабылдай бастадық. Қазір Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіліміміз бар», – деп еске алды жас кәсіпкер.

Ал Қуаныш Жұмағұл – ІТ саласының маманы. Үш ұйықтаса да, түсіне кірмеген қолөнер бүгін жас жігіттің сүйікті ісіне айналған. Оның айтуынша, бұл кәсібі ата салтты қайта жаңғыртумен тартымды болды.

«Мен ағаш өңдейтін жабдықты алып қойып, немен айналыссам екен деп ойланып жүрдім. Түрлі бұйымдарды жасап та көрдім. Бірақ бұған дейінгі ісімнің біреуі де ұнаған жоқ. Қоғамға да пайдамды тигізсем дедім. Тағдыр мені Диана ханымға сол себеппен кездестірсе керек

Қолөнермен өзім айналыспасам да, шеберлік деген әр қазақтың қанында бар дүние деп ойлаймын. Мәселен, менің атам да, әкем де, ағаларым да шеберлікке жақын. Қазір кей ағаларым жиһаз жасауды өз кәсібіне айналдырып алған. Мені де осы бағытқа қарай тартып әкеткені содан болар.

Шежірешілерге халқымыз қашанда сый-құрмет көрсеткен, атам заманда олардың қоғамдағы беделі өте жоғары болған. Сол себепті шежірешілік өнермен айналысу мен үшін үлкен абырой», – дейді Қуаныш Жұмағұл.

Әріптестердің әрбіреуінің айқындалған міндеті бар. Ағашты өңдеумен, әрлеумен, өнімді дайындаумен Қуаныш айналысса, Диананың басты міндетіне брендті жарнамалау, клиенттердің санын арттыру кіреді. Жас кәсіпкерлер өз өнімдерін жетілдіру бойынша жоспарларды бірге құрып, бірге жүзеге асырады. Бүгін олар, тіпті өнім шығару көлемін арттыру бойынша шараларды қолға алған.

«Қазіргі таңда халық арасында өзінің өткенін еске алу, тарихқа үңілу, өз ұрпағына ата-бабасы жайлы мағлұмат беру сияқты тенденциялардың артқаны байқалады. Жұртымыздың шыққан тегіне, өз әулетінің тарихына бет бұрғаны, әлбетте, жақсы. Мәселен, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Осы тұста әр қазақтың өз жеті атасын білгені абзал. Біздің істің пайдасы міне осыдан көрінеді.

Өз өнімімізді қашанда жетілдіріп отыруға тырысамыз. Негізінен жұмыс материалымыз – ағаш. Бірақ кейде шежірені органикалық шыныдан да жасаймыз. Мұның бәрі тапсырыс берушінің талғамына, сұранысқа байланысты. Сұраныстың артқаны – «Ұрпақ шежіресі», «Жеті ата» сияқты ұғымдардың кеңінен танымалдыққа ие болғаны. Жуырда шежірені Ні-Тесh стилінде дайындау ойымызда бар», – деп бөлісті жоспарларымен кәсіпкер Қуаныш.

Ия, өз ісін жақында ғана бастаған кәсіпкерлер дайындайтын шежіреге деген сұраныс жоғары десек, артық айтпаспыз. Олардың өніміне тапсырыс берішулердің арасында шетелдік қандастарымыз да бар екен.

«Бізге көбіне әйелдер келеді. Олар шежірені жұбайларына, әкелеріне, ағаларына, інілеріне арналған жақсы сыйлық деп біледі. Үлкен кісілердің ішінде де әйел адамдар шежіреге жиі тапсырыс береді. Бірақ байқауымша, клиенттеріміздің көбісі – келіндер. Соңғы кезде 20-30 жас аралығындағы жігіттер көптеп келетін болды. Бұл, әрине, қуантпай қоймайды. Адамдар шежірені тойларға да сыйлық ретінде алады.

Жуырда бір бикеш 2 шежірені Лондонға әзірлеуді тапсырған болатын. Меніңше, шетелдік қазақтар үшін шежіре қасиетті дүние. Оларға ата тегін ұмытпаған аса маңызды. Шетелде тұратын әулеттердің тарихында үлесіміздің бары бізге ерекше сезімді ұялатады», – дейді Диана Нуранова.

Ол сондай-ақ, шежіре дайындау барысында барлық мәліметтердің тексерілетіндігін айтады. Өйткені өнім барлық жағынан сапалы болуы керек, яғни берілген есімдер тиісті ретімен, әріптік қатесіз жазылуы қажет. Бұл мәселеге жас кәсіпкерлер мұқият қарайды. Шежіренің отбасыдағы рөлін жастайынан түсінетін олар қоғамға өз пайдасын тигізіп қана қоймай, өз ұрпағына өнегелі үлгі көрсетіп жүргені даусыз.

«Адам есейген сайын өзінің шежіресін, шыққан тегін көргенде, білгенде, өз ұрпағына көрсеткенде, марқайып, оның рухы көтеріле түседі екен. Менің де ұлым бар. Ол туғанда атасы «Ұрпағымызды жалғастырушы атқа мінеріміз дүниеге келді» деп, қатты қуанса керек. Біз атамызға шежірені сыйға тартқанда, ол артымыздан ерген баламыздың болашақта өз  жеті атасын білетіндігіне еш күмәнданбайтындығын айтты. Атамның өз немересіне осындай үлгі көрсеткені, шежіренің қашанда баламыздың көз алдында болуы меніңше өте маңызды. Ол шежіренің төрде ілулі тұрғандығын көріп, рухты болып өседі, өзінің текті екендігін сезінеді, шежіренің киелі дүние екендігін түсінеді», – дейді жас ана.

Ия, қазақ халқы өрендерге 7 жасынан-ақ ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыруға, ата тегін, руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. Баланың «Жеті атасын білуі» халқымыз үшін заң. Әкесі мен атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, олардың ел-жұрты үшін жасаған ерлігін, өнегелі істерін баян етеді. Халқымыз «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жен айтар» дегенді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан жаттатқан. Бұл ерлікке, елдікке баулып, Отанға деген махаббатты оята түседі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button