Жаңалық

Әзілхан Нұршайықов: Бауыржан - менің «балам»

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың Бауыржан Момышұлымен диалог ретінде жазған «Ақиқат пен аңыз» кітабы кезінде оқырман арасында ерекше фуррор тудырған еді. Оның дәлелі туынды шықаннан кейін еліміздің жер-жерінен мыңдаған хаттар келген. Оқырмандарға жауап жазу үшін автор біраз уақытын арнап, баспасөз бетіне шығарып отырған. Сондай бір қызықты жауап «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1978 жылғы наурыз айындағы 3-ші нөміріне шыққан еді. Оны өздеріңіздің назарларыңызға ұсынамыз.

Енді кітап алғаш басылып шыққаннан кейінгі бірер жыл ішінде оның орталық қаһарманы Бауыржанның басында қандай жаңалықтар болды дейсің ғой сен. Соны айтайын саған.

Сенен жасыратын не сырым бар менің. Бұрын Бауыржанды сырттай сыйлағаным болмаса, ол туралы ешқандай іштей күйзелісім болмаушы еді. Бұл кітап басылып шыққаннан кейін бір бүйрегіме Баукең кіріп алды. Ол ауырып-сырқап қалмаса екен, соңынан жаманат сөз ермесе екен деп ойлайтын болдым.

«Ақиқат пен аңыз» романы басылып жұртқа тараған кезде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Баукеңе тілектестігім енді одан сайын күшейе түсті. Жас бала аяғын апыл-тапыл аттап жүргенде оның тәлтіректеп тәй-тәй басқанына қарап отырып иманың қасым болмаушы ма еді?

Қаз-қаз басқан сәби есіктен төрге дейін құламай жетсе екен деп тілеп, өз-өзіңнен жаның шықпайтын ба еді? Мен де сондай күйде болдым. Өйтпегенде қайтейін жақсы-жаман болсам да мен бір Бауыржанның — «Ақиқат пен аңыздағы» Бауыржанның әкесімін гой! Кітап — жазушының жүрегін жарып шыққан сәбиі. Егер осы сөз рас болса, онда өз кітабымның Бауыржан атты қаһарманы менің балам емес пе?

Ендеше, баласына кімнің жаны ашымайды, бала үшін кім мазасызданбайды? Баласына кім жақсылық тілемейді?

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button