Жаңалық

Тәрбие – тал бесіктен

Отбасы – жаһандық дамудың маңызды элементтерінің бірі, ал өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Әлеуметтік институтының құндылығын арттырып, ұлттық тәрбиені ұлықтайтын «Мерейлі отбасы» атты байқауы елімізде жылда өткізіледі. Ruh.kz порталының тілшісімен өткен жылдары жеңімпазы атанған отбасы мүшесі әңгімелесіп,  қызықты оқиғасымен бөлісті.

Қойбақов Сейітжан Мелдебекұлы 1954 жылы Жамбыл облысында дүниеге келді, Бауыржан Момышұлының ұрпағы, ҚР ҰҚК-нің генерал-майоры болып табылады. Сейітжанның әкесі Екінші дүниежүзілік соғыста 182-ші атқыштар дивизиясының пулеметчигі болған, майданда жарақат алып, елге оралды. Соғыс алаңынан қайтып келген соң  33 жасында шаңырақ көтереді, анасы ол кезде 16 жаста болды. Қазіргі таңда 94 келген анасы 5 ұл, 5 қыз, 39 немере, 37 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр.

Сейітжан мен ағайындары ілім-білімнің шырқау шыңын бағындырған үш бірдей ғылым докторлары. Ағасы Бауыржан Мелдебекұлы – ауылшаруашылық ғылым докторы, інісі Сейітхан Мелдебекұлы – техника ғылымдарының докторы болса, Сейітжанның өзі заң ғылымдарының докторы.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өткен «Мерейлі отбасы» байқауының жүлделі орынына ие болған Қойбақовтардың жоспарында байқауға қатысу болмаған.

«Дәулеткерей деген досым: – Сіздің отбасыңызды білемін, анаңызды, бала-шағаларыңызды көріп жүрмін, үлгілі отбасысыздар, сондықтан Сіздер «Мерейлі отбасы» атты байқауға қатысыңыздар, – деп маған жоба туралы айтып берді. Біздің атымыздан өтінім толтырып жіберген де өзі еді», – деді генерал-майор.

Осылайша Қойбақовтар әулеті қажетті құжаттарды тапсырып, қатысушылар қатарына қосылды.

«Жеңімпаз боламыз деп ойлаған жоқпыз, бірақ байқау қорытындысы бойынша 1-ші орынды иелендік», – деп бөлісті Сейітжан.

Сейітжан Мелдебекұлы ел алдында қызмет етіп, үлгілі ұл, жолдас, әке атанып қана қоймай, мемуарлар авторы болып табылады. Карантин кезінде уақытын пайдамен өткізіп, өзінің «О времени и о себе: на стыке веков» атты Отан алдында міндетті парызды өтеу жайында еңбегін жариялады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button