Жаңалық

«Баталар жинағы» жарық көрді

Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бастамасымен Наурыз мерекесінің қарсаңында  ұйымдастырылған «Батаменен ел көгерер…» атты облыстық онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталып, «Баталар жинағы» жарық көрді.

Бата – қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің бірі. Оның адам өміріндегі құдіретті күш екенін қазақ халқы о бастан-ақ білген. Алға қадам басып, қандай бір іске кіріспес бұрын Алладан ризашылық тілесе, үлкеннен бата сұраған. Қазақ – артында өнегелі өсиеттері қалған айтулы абыздар мен әділ билігімен есімдері елінің есінде сақталған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сынды тарихи тұлғалардың баға жетпес баталарымен сусындап өскен халық. Сондықтан батаны жұртымыз қариядан, абыз ағадан, өнегесі мол үлкеннен күткен. Сол себепті осы байқау  ел ішіндегі қазыналы қарияларды, сөз ұстаған ағаларды танымал ету, «Бата беру» дәстүрінің үздік үлгілерін көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Байқауға облыстың 16 ауданы (Қорғалжыннан басқа)  мен Степногорск, Көкшетау қалаларынан 100 ден астам азамат қатысқан. Батагөйлер байқауында әсіресе Көкшетау, Степногорск қалалары, сонымен қатар Целиноград, Егіндікөл, Ерейментау, Астрахан, Біржан  сал, Бурабай, Зеренді, аудандары белсенділік танытқан.

Құрамында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры Ғосман Төлеғұл, Ақмола облысының тілдер дамыту орталығының басшысы Қаратай Төлекеев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Сәбит Жәмбек бар қазылар алқасы 6 жүлделі орынның жеңімпаздарын анықтап, Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыповамен бірге марапаттау рәсімін өткізді:

Бірінші орынды Ақзамиденов Сәрінжіп (Жарқайың ауданынан);

Екінші орынды Қарабөкен Аязби (Біржан сал ауданынан);

Үшінші орынды Балшық Бияданұлы (Егіндікөл ауданынан) жеңіп алды.

Хасенов Белгібай мен Кәдіров Оспан ынталандыру сыйлықтарына лайық деп танылды.

«Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деп халқымыз айтқандай, берілген баталар қабыл болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, Тәуелсіз мемлекетіміз өркендей берсін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button