Жаңалық

Аида Балаева халық алдында есеп берді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның халық алдында есеп беру кездесуі өтті.

Министр атқарылған істерге тоқталып өтіп, қоғам өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Министрлік құзырындағы маңызды идеологиялық бағыт – қоғамдық сананы жаңғырту саласы. Руханият бағытындағы жұмыстың нәтижесі бірден көрінбейтіні анық. Оның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үлкен еңбекті, ұзақ мерзімді талап етеді. Дегенмен қол жеткізген нәтижелеріміз жоқ емес. Елбасының тарихи мақаласынан бастау алған бағдарлама бойынша бүгінде 17 арнайы жоба жүзеге асып жатыр. Жыл басынан бері 3 млн-нан астам халықты қамтитын 13 мыңнан астам шара өткізілген.

Осы ретте Аида Ғалымқызы «Туған жер», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Үнем – қоғам қуаты» жобаларына тоқталып өтті.

«Рухани жаңғыру бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізу қолға алынды. Халықты жас ерекшелігіне сай арнайы топтап, әр мақсатты топқа сай арнайы жобалар әзірленбек. Негізгі көңіл мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға бөлінбек», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Жастар және отбасы саясаты да ауқымды бағыттардың бірі. Ресми статистика бойынша елімізде 3 760 мың жастар өкілі бар. Елімізде 500 ден астам жастар ұйымы қызмет етеді.

Министрдің айтуынша пандемияға байланысты тоқтатылған немесе онлайн форматқа ауыстырылған біршама жоба жалғасын тауып, негізгі жоспарлы жұмыс жандана түспек. Қазіргі таңда жастарға арналған 12 гранттық жоба жүзеге асырылуда. Жыл аяғына дейін тағы да 12 жоба іске қосылмақ.

Жастар арасындағы үш негізгі мәселе: сапалы білім; жұмыспен қамту; тұрғын үй екені ескеріліп, «Жастар жылы» жол картасының негізінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жастар 1 мың пәтерге қол жеткізді. Биыл 3 мың пәтер жастардың игілігіне берілмек.

Министр бүгінгі күннің өткір тақырыптарының бірі – жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру екенін атап өтті.

«Бұл бағытта министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар легі атқарылып келеді. Ел бойынша 80 мыңнан астам жастар өкілін қамтыған «Киелі табиғат» республикалық жобасы іске асырылды», – деді Аида Балаева.

Отбасылық саясат бағыты да эпидемиялық оқшаулану кезінде сыр берді. Министр тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көптеп тіркелуі, ажырасу фактілерінің көбейуі істің насырға шауып бара жатқанынан хабар бергенін, осындай мәселелермен айналысатын орталықтар тек ірі қалаларда ғана барын, осы ретте отбасылық саясат мәселелері бойынша көмек қолын соза алар тиісті шаралар қолға алынып, жағдай қалыпқа келгенін айтты.

Халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева дін саласына да тоқталып өтті.

«Біз көп конфессиялы мемлекетпіз. Еліміздің 18 діни бағытында 3848 бірлестік ресми тіркелген. Министрлік өз құзіреттілігінде олардың әрбірімен тығыз жұмыс істеп келеді. Елімізде діни ахуал тұрақты. Жат діни ағымдардың алдын алу жұмыстары мен оның құрбандарын оңалту шаралары жүйелі жолға қойылған», – деді Аида Балаева.

Діни сауаттылықты арттыру, ақ-қарасын ажырату мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үш бағытта жұмыс істеп келеді:

  1. Интернеттегі діни экстремизмге қарсы күрес;
  2. Нақты мақсаттық топтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  3. Жат діни ағымдар құрбандарын оңалту жұмыстары.

Халыққа сапалы діни ақпарат беру жолында 229 түсіндіру-насихат тобы бар. Бұл топ осы уақытқа дейін 16 мыңнан астам түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Сейтжаппар Әділет есімді азаматтың «Қалаулым», «QosLike» бағдарламаларына министрліктің көзқарасы қандай? Бұл бағдарламалар неге жабылмайды?» деген сауалына:

  • «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қандай да бір бағдарламаны ұнамағаны үшін жауып тастай алатын құзыреті жоқ. Бұл бағдарламалар жекеменшік БАҚ-тарда жүргізіледі. Қоғам наразылығы ескеріліп, аталмыш БАҚ өкілдеріне өз ұсыныстарымыз бен пікірімізді білдірдік. Қоғамның бір бөлігі бұларға наразы болса, келесі өкілі аталмыш бағдарламаларды жібермей тамашалайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі халықтың талғамын көтеру жолындағы кез-келген жобаларды қолдайтынын жеткізгім келеді», – деп жауап берді министр.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік тілдің дамуы сіз бен бізге байланысты екенін, біз қазақ тілінде сөйлесек, құжат тілін қазақшаласақ қана еліміздің болашағы зор болатынын тілге тиек етті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button