Жаңалық

Камералық залдың маусым айына арналған репертуары

«Астана Опера» театры Камералық залының маусым айындағы жазғы репертуары әйгілі күйші, шебер домбырашы, композитор, дирижер әрі ұстаз Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығына орай еске алу концерті енген мазмұнды бағдарламамен ашылмақ.

Сонымен қатар көрермен назарына романстар, классикалық вокалдық әрі аспаптық музыка кештері, балалар аудиториясына арналған қызықты концерт ұсынылады.

1 маусым сағат 15.00-де «Астана Опера» театрлық студиясы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өздерінің жыл сайынғы есептік концертін береді. «Балалар театрға шақырады» концертінде хор ұжымы мен балет студиясының жеке әрі ұжымдық нөмірлері енген жарқын да қызықты бағдарлама орындалады. Хор студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, балет студиясының жетекшісі – Әмина Әлиева. Хормейстер – Әйгерім Амангельдиева, концертмейстерлер – Ирина Кургузкина, Эльмира Сұлтанғазина. Концерттің режиссері – Николай Коршунов. Сондай-ақ балалар студиясының концерті 22 маусым сағат 16.00-де өтеді.

1 маусым сағат 19.00-де Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті көрнекті венгр композиторының 140 жылдығына арналған «Бела Бартокты ту етіп» концерттер сериясын ұсынады. Музыкалық кеште танымал қазақстандық пианист, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Гүлжамиля Қадырбекова өнер көрсетеді.

4 маусым сағат 19.00-де Voci d`amore («Махаббат үні») концертінде «Астана Опера» әртістері – опера солистері сопрано Әсем Сембина, меццо-сопрано Салтанат Мұратбекова, тенор Рамзат Балакишиев, виолончелист Данияр Қадралинов пен пианист Меруерт Жекенова тыңдарман назарына әлемдік классиканың вокалдық жауһарларын ортаға салады. Махаббат туралы музыка әртүрлі кезең және түрлі халық композиторларымен ұсынылады. Кеш аясында Дж.Россини, К.Сен-Санс, Л.Делиб, Ж.Хин сынды композиторлардың туындылары шырқалады.

23 маусым сағат 19.00-де жас опера солистері Назым Сағынтай (сопрано) мен Рамзат Балакишиев (тенор) «Романс романтикасы» атты вокалдық музыка концертін ұсынады. Сондай-ақ осы кеште Камералық зал сахнасында Әсел Жақиянова (скрипка), Зәру Жазықбаева, Жаңыл Рақымбекова (фортепиано) өнер көрсетеді

26 маусым сағат 18.00-де «Күмбірле, асыл домбыра» концерті күйші, шебер домбырашы, композитор, дирижер әрі ұстаз, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығына арналады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button